Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

14 жасында сыныптастары зорлап кеткен ақтөбелік ару жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Ақтөбеде 14 жастағы қызды сыныптастары зорлап кеткен. Сорақысы сол, кінәлілер күні бүгінге дейін өз жазаларын алмаған деп хабарлайды esil.media-ға сілтеме жасаған NUR.KZ.

Ақтөбеде 14 жастағы қызды төрт бірдей сыныптасы зорлап тастаған
Ақтөбеде 14 жастағы қызды төрт бірдей сыныптасы зорлап тастаған: UGC

27 жастағы Әлия сол күні болған сұмдық оқиғаны көзіне жас алып еске алады. Айтуынша, ол кезде оның жасы небәрі 14 жаста болған екен. Сыныбының үздігі әрі старостасы болған Әлияны мектептен үйіне қайтып бара жатқан кезінде сыныптастары ұстап алып, аяусыз зорлап кеткен екен.

«Мұндай сұмдық жағдай Ақтөбеде наурыз айында орын алған еді. Мектебімізде оқушы көп болғандықтан, екінші ауысымда оқыдым. Сол күні мен сыныбымда кезекші болдым да, мектептен кеш қайттым. Ал үйім 27 мектептен алыста еді, басымнан сұмдық жайт өткен күні де әдеттегідей үйіме бет алған едім.

Бір уақытта гараждардың жанынан өте бергенімде, бір топ жас жігіттерді көрдім. Сөйтсем өзімнің сыныптастарым мен параллель сыныпта оқитын тағы бір бала екен. Олар өздерінің көлігінде отырып, сыра ішіп отырды.

Маңайымды ешкім болған жоқ. Мені көре салған бойда төртеуі мені ұстап алып, көлікке кіргізді. Сосын аузымды жауып, кезек-кезек зорлай бастады. Мен айғайладым да, оларды балағаттадым да.

Бірақ, амал нешік, ешкім жан дауысымды естіп, көмекке келмеді. Бәрі біткен соң, көліктен шығарып, ішімнен тебе бастады. Бақытыма орай, әлдекімдердің дыбысы естілді ме, әлгілер шошып, мені тастап, өздері қаша жөнелді. Ал мен есімнен танып қалып, сол жерде жата беріппін. Өз-өзіме келгенде, есімді жиып, үйіме қарай бет алдым.

Көрші үйде құрбым тұратын, соған болған жайттың бәрін айтып бердім. Әкем қайтыс болып кеткен, құрбымның анасы мен менің анам да вахталық жұмыста еді. Сондықтан біз үйде жалғыз қалып, өз-өзімізге қарауға үйренген едік. Сол күні белдемшем де қан жоса болғандықтан, құрбымның үйінде оны жуып, тазалауға тура келді», - дейді Әлия.

Болған оқиғаны анасына бірден айта қоймаған ол тек бір жарым жылдан кейін ғана батылы жетіп, анасына бәрін баяндап бергенін алға тартты.

«Менің анам тұрмыс құрып, отбасылы болғанша, қыздықтан айырылмау керек деп тәрбиелеген болатын. Сол себепті, мен көпке дейін бұл сұмдық жайтты анамнан жасырып жүрдім. Тек 1,5 жыл өткеннен кейін ғана айтып бердім. Анам қатты налып, мені зорлағандарды тіпті өз қолыммен өлтіремін деп ашуға булықты. Бірақ, амал жоқ, ол кезде екеуміз де шарасыз күйде едік», - деп әңгімесін жалғастырды бойжеткен.

Сондай-ақ, Әлия басында мектепте бәрі жақсы болғанымен, кейін бүкіл мектеп аталмыш оқиғаны біліп алып, басқа білім ордасына ауысуға мәжбүр болғанын айтып берді.

«Алғашында бәрі тәп-тәуір болған, тек екі аптадан кейін «сұмдықтың» бәрі басталды. Мені сыртымнан балағаттап, көрген бетте бетіме тас лақтыратын кездер болды. Тіпті, далаға шыға алмай қалдым, бәрі мені сыртымнан өсектеп, «бұзылған қыз» деген атаққа тап болдым», - деп қынжылды ару.

Осы жайттардан кейін Әлия өз-өзіне қол жұмсамақ болыпты. Абырой болғанда құрбысы үйіне дер кезінде келіп, оны аман алып қалған.

«Сол кездері теледидардан «Фатима мен Зухра» деген кино жүріп жатты. Мен соны көріп, өз-өзіме қол жұмсамақ болып, қолымдағы күре тамырымды тіліп жіберген едім. Құрбым аман алып қалды», - дейді Әлия.

Десе де, осындай жантүршігерлік жағдайға қарамастан, Әлия барынша мықты болуға, сағымды сындырмауға тырыстым дейді.

Ол мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, Ақтөбедегі жоғарғы оқу орындарының бірін қызыл дипломмен тәмамдап, Алматыдағы ҚБТУ-нің магистратурасын бітірген. Бүгінде білікті маман атанған ол Астана мен Алматыда да жұмыс жасап көрген екен.

«Қазір мені зорлағандардың тағдыры не болғанын білмеймін. Әйтеуір, үшеуі Ресейде, төртіншісі Ақтөбеде екенін білемін. Соңғысы үйленген, екі баласы бар, біздің үйге қарсы үйде тұрады. Қазір өзім де Ақтөбедемін, анам ауырып, оның жанына келдім. Бірақ, мұнда қала алмаймын. Бұл қалада мен жанымды қоярға жер таппай, тұншығып кетемін. Ақтөбеде қыздың пәктігіне қатты қарайды, Алматы мен Астанада олай емес.

Талай рет жігіттермен де танысып көрдім, бірақ, олардан көңілім қалғаны соншалық, сене алмай, секемденіп тұрамын. Қазір жасым 27-де, отбасын құрып, бала сүйгім келеді. Бірақ, бойымды ер адамдарға деген қорқыныш билеп алған.

Ал зорлаған жігіттерге келер болсам, оларды Алланың өзі жазалайды деп сенемін. Құдай бар, кінәлілер Алланың алдында қалай да жауап береді», - деді бойжеткен.

Әңгіме соңында Әлия кезінде зәбір көрсеткен сыныптастарының үстінен арыз жазбағына өкінетінін де айтып қалды.

«Егер уақыт қайтып келсе, мен дәл солай жасайтын едім. Сол кезде шағымдансам, бәлкім олар өз жазаларын алып, мен туралы осындай қаңқу сөздер жүрмейтін де еді. Кінәлілер жазаланып менің да жаным жай табатын еді.
Осындай жайтқа тап болған қыздарға айтарым, ештеңеден қорықпай, дер кезінде арыз жазып, әділдік іздеңіздер. Бүгінмен өмір сүріп, келешектен үміт үзбеңіздер. Бір аяғы, қолы жоқ адамдар да өмір сүріп жатыр. Кешегі Кемеровада қаншама адам мерт болды. Өмір бумеранг, олар да жазаланып, біздің де айымыз оңынан туатынына әлі де сенемін», - деп сөзін қорытындылады бойжеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1723996-14-zasynda-synyptastary-zorlap-ketken-aktbelik-aru-zanajkajyn-zetkizdi/

pixel