Салмағы 70 келілік қошқарды 90 мәрте көтерген шымкенттік жігітке ел риза болады (фото)

Опубликовано:

Шымкенттік 23 жастағы жігіт Әкбар Елубайұлы Наурыз мерекесі кезінде қатарынан үш қошқар ұтып алған. Қайсар жігіт олардың әрқайсысын 74 мәрте көтерген деп хабарлайды Замана арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото: Замана
Фото: Замана: UGC

Әкбар 20 наурыз күні Шымкенттегі "Қошқарата сейілі" атты мерекелік іс-шара кезінде салмағы 65 келі тартатын қазақы қошқарды 74 мәрте көтеріп, жеңімпаз атанса, арада бір күн өткесін Қазығұрт тауы жақта ұйымдас­тырылған Наурыз тойында осындай қошқарды 75 мәрте көтерген.

Сондай-ақ 22 наурыз күні Шымкенттің өзінде өткен мереке кезінде салмағы 70 келі тартатын қошқарды 90 мәрте көтеріп, әділқазылары таңғалдырған.

Жас жігіт үш қошқарды да қанжығасына байлаған.

Үш қошқар
Үш қошқар: UGC

Сонымен қатар жас жігіт 2014жылы әкесіне қажылыққа жолдама ұтып берген екен.

"Сарыағашта Әб­ді­ғаппар Сманов ұс­таз жыл сайын арнайы турнир өткізеді. Жарыс кезінде же­ңіске жеткен түйе палуанға қажылыққа жолдама береді. 2014 жылы осындай жолдама ұтып алуды нәсіп еткен еді, оны әкеме сыйға тарт­қанмын", – дейді Әкбар.

Әкбар қошқар көтеру жарысына алғаш рет өткен жылғы Наурыз мерекесінде қатысқан екен. Сол кездері қатарынан 4 қошқар ұтып алыпты. Биылғы олжаларын қосқанда оның ұтқан қошқарлары жетеу болып тұр.

Бұдан бөлек, ол облыста өткі­зілетін көкпарларға да қатысып тұрады екен. Көкпарларда салым салып, 3 өгіз де ұтыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1724575-salmagy-70-kelilik-koskardy-90-mrte-ktergen-symkenttik-zigitke-el-riza-bolady-foto/