Қазақтың дәстүрлі ойындары түркі халықтарына ортақ құндылыққа айналады
Жарияланған күні:
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен "Ұлы дала ойындары" атты тележоба жүзеге асырылған.
Оның мақсаты - бүкіл Қазақстанды қамтитын дүбірлі жоба арқылы халқымыздың шабандоздық ойын түрлері мен музыкалық өнерін насихаттау болатын. Қоғамдық қордың қолға алған шаруасы ұлтымыздың рухын көтеру үшін қаншалықты пайдалы болғанын айтып жеткізу мүмкін емес.
Мұндай әсерді "Хабар" арнасынан телешоуды бірнеше айлап тамашалаған миллиондаған көрермен де байқағаны анық. Алайда соңғы кездері осы хабардан көз жазып қалғанымыз рас. Осыған байланысты "Ұлы дала ойындары" мега-шоу жобасының жетекшісі - "Адал Азамат" қоғамдық қорының вице-президенті Ерлан Сержанұлын әңгімеге тартқан едік.- Ереке, ұлтжанды азаматтардан "ғасырдың ғажап жобасы" деген баға алған телешоу көгілдір экраннан көрінбей кетті. Халықтың тағатсыздана күтетін хабарының көзден таса болғанына көрермендеріңіз мазасызданып жатқан секілді...
- Бізді алғашқы күннен бастап қолдаған да, қорғаған да азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Әсіресе, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің ұлтжандылығына қайран қалдым. Осы кісінің тікелей қолдауымен Талдықорғанда халықтық жобамызды өте сәтті іске асырдық.
Халқымыздың шабандоздық ойын түрлері мен музыкалық өнерін насихаттау
Халқымыздың қайсарлығын, еңбекқорлығын, өнері мен мәдениетін паш етіп, салауатты өмір салтын насихаттап, барша қазақ елін бірлікке шақыратын бұл тележобада еліміздің барлық аймағынан жиналған алты топ (Батыс, Шығыс, Арқа, Оңтүстік, Солтүстік және Жетісу өңірі) өзара сайысқа түсті. Жобада "Түйе палуан", "Бәйге", "Жамбы ату", "Қыз қуу", "Аударыспақ", "Теңге ілу", "Көкпар", "Ақындар айтысы", "Жыршы-термешілер", "Күй тартыс", "Дәстүрлі ән", "Қымызмұрындық" сияқты ұлттық ойындар мен дәстүрлі музыкалық өнердің барынша кең тараған 12 түрі қамтылды.
Қазақтың батыр да қайсар, шешен де дана халық екенін танытатын аталмыш шарада 18 бен 35 жас аралығындағы сегіз қырлы бір сырлы азаматтар бақ сынады. Театрландырылған қойылым түрінде өткізілетін тележоба "Zen Media Production" студиясының шығармашылық тобымен түсірілді. Елімізде мемлекеттік тілді дамытуға барынша үлес қосуды басты мақсат тұтқан қордың экран арқылы көрермендерге ұсынатын дүниелерінің бәрі дерлік ана тілімізді дамытуға, ұлттық рухани құндылықтарымызды насихаттауға бағытталды.
Өкінішке қарай, біздің уақытша тоқтап қалуымызға қаржы тапшылығы себеп болды...
Басты мақсат - қазақ жастарына дәстүрлі халық ойындарын жаңа қырынан танытып, оның ұлт жадында мәңгі сақталуына ұйытқы болу. Осы бағытта бір қадам алға жылжыдық. Өкінішке қарай, біздің уақытша тоқтап қалуымызға қаржы тапшылығы себеп болды...
- Бұл жоба жалғаса бергенде, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына тамаша тарту болар еді...
- Осыған дейін теледидардан көрсетілген қомақты көрсетілімдердің өзі де халқымыз үшін баға жетпес байлық болғанын жасыра алмаймын. Демеушілеріміз, үлкен істі бастаған әріптестерім де қаражатымыздан қаншалықты қайтарым боларына назар аудармасақ та ұлт пен ұрпақ қамы үшін осы шаруаны қолға алғанбыз. Бірақ мегажоба қымбатқа түсті. Жарты жылдай тоқтап қалғанымызды жасырмаймын. Қалталы азаматтардың біразына бардық, хат жаздық, банктерді жағаладық. көмектескен ешкім болмады. Соған қарамастан, ұжым болып жан жақты ойластыру жұмыстарын қолға алдық.
Қазір "Ұлы дала ойындарына" бізден гөрі, өзге мемлекеттер тарапынан қызығушылық байқалып жатыр.
Көрші қырғыз елінен жеке бір кәсіпкер қазақ пен қырғызға ортақ ұлы жобаға көмек қолын ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге келісімін берді. Сөйтіп, тоқтап қалған жоба қайта қолға алынып жатыр.
- Бұл біз үшін де, ұлтжанды азаматтар үшін де қуанарлық оқиға болды. - Енді көрермендер назарына жаңа ойындар ұсына аласыздар ғой...
- Иә, алдағы наурыз айында финалдық ойындарды аяқтап, теледидардан көрсетіп, күзге қарай "Ұлы дала ойындары" халықаралық деңгейде өтеді. Ал бірінші айналымға келсек, сынаққа 14 облыстан өкілдер қатысты. Әрбір ойын бойынша жеңімпаздарымыз ақтық сайысқа түскен соң, ең таңдаулылардың есімдері белгілі болады. Мұның барлығы да телеарналардан толық көрсетіледі. Ал жобаны халықаралық деңгейде өткізу үшін біз бес түрлі ойынды таңдап алдық. Қазіргі болжам бойынша 11 мемлекет қатысады деп үміттеніп отырмыз.
-"Ұлы дала ойындарын" теледидардан бөлек дискіге түсіріп, сауда орындарына шығаруға болмай ма?
- Теледидардан көрсетілген нұсқалар түгел монтаждалып, дискіге түсірілді. Амандық болса, алдағы уақытты "Ұлттық ойындар" деп аталатын сериялы дискілер жұрт қолына тиіп қалар. Әзірше қаржы жоқ. Дегенмен, Қысқы Азия ойындарына келген шетелдік қонақтар назарына ұсыну ойымызда болған еді. Бұл - тамаша сый болар еді. Амал қанша, бізді қолдай қояр азаматтар табылмады. Әйтпесе, сол дискілерде ұлтымыздың ұлы құндылықтары түгел қамтылған еді. Жалпы, Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет министрлігінің ұлттық құндылықтарды насихаттап жатқан біздің жұмысымызға назар аударғанын қалар едім. Кешегі Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит сынды күміс көмей әншілердің бүгінгі буыны дүбірлі жобада өз өнерлерін ортаға салып, күрес те, көкпар да, қыз қуу мен аламан жарыста қамтылған дискілер бізді білмейтін спортшылар мен жанкүйерлерге тамаша тарту болар еді. Осыны ел азаматтары естен шығармағаны жөн болар еді.
- Қазір қазақ теледидарларында ұлт мүддесін күйттеуден бұрын ұлтаралық мәселелерді маңызды санайтын хабарлар көбейіп келеді. Олардың кейбіреулері туралы айтылар сын да аз емес. Дегенмен, сіздердің жобаларыңыз туралы теріс пікір естімеппіз...
- Оныңыз рас, мұның сыры - жобаның жұрт көңілінен шыққандығында, ұлттың жанына жақындығында, жүрегіне жылы тигендігінде. Бірде-бір басылымда сыни мақала да жарық көрген жоқ. Біз осыған қуандық, ұлтымыздың рухын оятып, өміршең өнерді одан әрі жалғастырып, жас ұрпақ үшін мәңгілік мұра жасап жатқанымызға риза болдық. Есіл еңбегімізді бағалаған барша қазақ отбасына мың да бір рақмет! Елге есімі белгілі азаматтар батасын беріп, баянды ісіміздің сәтті болуына тілектестігін айтты. Осындай рухани қолдаудың өзіне не жетсін!
- Енді жобаларыңыз түркі елдерінің төріне қалай шыққалы отыр?
- Қазір "Қазақ және түркі халықтары ойындары" деген кітап әзірлеп жатырмыз. Мұнда көп нәрсе қамтылады. Мәселен, қазақ ойындарының біразы башқұрт, татар халықтарының ойындары-на өте ұқсас тұстары бар. Өзбек, қырғыз халықтарымен де ұқсас жақтарымыз да жеткілікті. Демек, түркі елдері ойындарын бірлесе отырып ұйымдастырып, "Ұлы дала ойындары" жобасының ауқымын кеңейте түспекшіміз. Айталық, Ресейдің Омбы облысында қандастарымыз көп тұрады. Міне, солар орыстардың атынан сынға түседі. Несі бар, бұл да қызық оқиға. Ойын тікелей эфирден шығады. Осынысымен де көрерменді қызықтыратын жоба олимпиада ойындарына бәсеке бола алады. Осы мақсатта бірнеше телеарналармен келіссөз жүргізіп, келісімшарттар жасасып жатырмыз. Түрік жастарының халықаралық одағымен де келіссөздер жүргізудеміз. Бәрінен де қызығы, Қырғыз азаматтары "Ұлы дала ойындарын" Ыстық көл жағалауында өткізер болсақ, қаржылай көмек беруге уәде беріп отыр. Қаржы жағынан қысылып бара жатсақ, амал жоқ айырқалпақты ағайындарға арқа сүйейміз...
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/172707-kazaktyn-destyrli-ojyndary-tyrki-halyktaryna-ortak-kyndylykka-ajnalady/