Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алып қашқан жерде қалмағанына өмір бойы өкінген келіншек жан сырын ақтарды

Опубликовано:

Елімізде алып қашудың құрбаны болған қыз-келіншектер жетерлік. Әсіресе Оңтүстік өңірде ондай жандар саны екі есе көп. Осыған байланысты тағдыр тауқыметіне түскен келіншек NUR.KZ порталының 8 747 535 12 98 WhatsApp нөміріне хат жолдап, басынан өткен жағдайды баяндап берді.

Көрнекі фото: Psychologies.ru
Көрнекі фото: Psychologies.ru: UGC

Жұлдыздың (ред. - есімі өзгертіліп берілді) жасы 40-қа таяған ОҚО тұрғыны. Ол бүгінде екі баласын жалғыз өзі асырап жүрген жалғызбасты ана. Оны 21 жасында ауылдың бейтаныс жігіті алып қашқан екен.

"Мен оқу оқып жүріп, ауылда бірге оққыған сыныптасыма қызжолдас болдым. Сол тойда маған бір жігіттің көзі түскен екен. Алайда менің ол уақытта кездесіп жүрген жігітім бар болғандықтан, ешкімге мін бермегенмін.

Той өткен соң әдеттегідей, Шымкенттегі оқуыма келдім. Екі күн өткен соң, кешкісін сабақтан шығып келе жатқанмын. Үш жігіт жаныма келді де, күштеп көлікке салып алды. Сөйтсем, әлгі тойда ғашық болып қалған жігіт өзіне мені жар етпекші екен", - дейді ол.

Жұлдыздың бірнеше жыл бойы кездесіп, тіпті тұрмысқа шығайын деп жүрген жігіті бар болғандықтан ол барған жерінде "қалмаймын" деп шу шығарады.

"Алып қашып келген соң екі күн бойы қамап қойды. Тамақ та, су да ішпейдім. Әжетханаға барамын деп сылтауратып, ол үйден қашуға да талпындым. Жігіттің анасы мен туыстары мені еш тыңдамады. Содан кейін пышақты алып, өзіме қол салмақ болдым.

Тура сол сәтте жігіттің бір жеңгесі "бәрібір көнбейді, жіберіңдер қызды" деп ақылға келді. Содан мен пышақты тастап, кетуге жиналдым. Сыртқа шыққан соң әлгі жігіт достарымен бірге "қазір өз еркіңмен қалмасаң, сені зорлап, ауылдың шетіне апарып тастаймыз" деп қорқытты.

Шынымды айтсам сол сәтте өмірімнің бәрі біткендей көрінді. Амалым да, күресуге күшім де қалмады. Сонымен үйге қайта кіріп, "өз еркіммен келдім" деп, үйіме "кешірімші" жіберу үшін қолхат жазып бердім", - деп ақтарылды әйел.

Бұл уақытта екі күннен бері Жұлдызын жер жаһаннан іздеп таба алмаған сүйіктісі де қыздың ата-анасымен жолығып, қандай жағдай болса да оны тастамайтынын айтқан.

Қызды алып қашқан үйден "кешірімшілер" Жұлдыздың үйіне келгенде, қыздарының өз еркімен кетпегенін түсінген ата-ана бұрынғы жігіті Арманмен бірге тойға дайындалып жатқан шаңыраққа келеді.

"Менің артымнан туыстарым келмей жатып, беташарды жасап қойды. Негізі салт бойынша олай істемейді.

Сүйіктім мен ата-анамды көргенде, басыма таққан орамалымды тастап, көзімнің жасын тыя алмадым. "Алып кетіңдерші" деп жалындым. Арман да сондай оймен оқталып келген екен, шуылдаған әйелдерге қарамастан, мені көтерді де барлығын итеріп шығып кетті.

Сондағы мені қарғап-сілеген адамдардың сөзін естісеңіз жаныңыз түршігеді. "Бақытсыз бол! Бар жамандық саған жабыссын! Көгермей қал! Қасиетті босағаны аттап, өмірің жарқын болады деп ойлама" деп небір жасан сөздер айтып жатты.

Біз ешкімді елемеуге тырысып, Арман екеуміз де жылаған бойда көлікке отырып жүріп кеттік", - дейді.

Осыдан соң барлығы Жұлдыздың үйіне жиналып, Арманның үйіндегілер келіп, құда түсетін күнді белгілейді.

"Бір аптадан кейін Арман туыстарымен келіп құда түсіп, мені ата-анамның қолынан ұзатып алып кетті. Туыстарымның барлығы жігітімнің ерлігіне, маған деген сезімінің беріктігіне таңдай қақты. Себебі ол менің беташар рәсімім болып қойғанын біле тұра, махаббатынан бас тартпады.

Үйлендік, жұрт қызығатын отбасы болдық. Арман арақ пен темекіден мүлдем аулақ еді. Көп ұзамай балалы болдық. Бірақ өмірде барлығы жақсы бола бермейді ғой, біздің арамыздағы жалындаған сезімді енем байқап, ұлын менен қызғанатын. Ұайын атам жас кезінде қайтыс болып кеткен. Алғашында елемеуге тырыстым. бірақ уақыт өте ол біздің арамызға түсуін тоқтатпай, екеумізді ажыратуға талпына берді.

Кез-келген жағдайда шақыстырып, арамызға от салып, мені кінәлі етіп қоятын. Оған Арман мән бермей қалса, жерге аунап жылап, "мені керек қылмайсыңдар" деп айқайлап жылайтынды шығарды", - дейді Жұлдыз.

Сонымен Жұлдыздың аяғы тағы ауырлап, қыз бала босанады. ірақ анасының ренішінен қорқып қалған Арман, бұл жолы қызды болғанына қуанбаған адам сияқты, мүлдем қарамай жүре береді.

"Арман мен жіне балаларымыздың жанына жақындамайтын болды. Ал енем оны алып, алыс жақтарға әдейі қыдырып кететін. Біз бір-бірімізді апталап, айлап көрмей суып кеттік.

Арада тағы екі жылдай уақыт өткен соң, Арман мүлдем үйге келмейтінді шығарды. Енем алғашында соған қуанғандай болып жүретін. Кейін өзі де уайымдай бастады. Телефонына хабарлассақ жауап бермейді. Жан-жақтан іздестірдік.

Күйеуім 5-6 ай іздеген соң, бір ауылдан табылды. Тапқанымды қайтейін, бұл уақытта барлығына кеш болды.

Сөйтсем Арман үш баласы бар басқа бір әйелмен бірге тұрып жатыр екен. Соны жақсы көремін, бірге қаламын деп менің көзіме тіке қарап айтты. Жүрегім жараланып, үмітім су болып, артқа шегіндім. Соңында ажырасып тындық...", - деп күрсінді әйел.

Көрнекі фото: Psychologies.ru
Көрнекі фото: Psychologies.ru: UGC

Осылайша өмір қиындықтарына қарамастан, бірге болуға серттескен жұп оп-оңай айырылысып кетеді. Содан бері қаншама уақыт өтсе де, Жұлдыз өзіне өмірлік серік болар азаматты жолықтыра алмапты.

"Тағдырымның осындай қиын болғаны -бұрынғы алып қашқан үйдегі адамдардың қарғысынан шығар деп ойлаймын. Олардың лағынет сөздері әлі күнге дейін құлағымда сайрап тұрады.

Біз Арманмен бір-бірімізді шексіз сүйіп қосылдық. Бірақ соның өзі бақытты отбасы болуға жетпеді. Мүмкін сол шаңырақта көніп қалсам, біраз уақыттан кейін ол адамға үйренісіп кетер ме едім..

Қазір өзімнің қаншама таныстарыма қарап, бір-бірін танымай үйленгендердің де өмірін көремін. Менен басқа айналамдағы адамдардың бәрі бақытты сияқты көрінеді.

Жалғыздықтан жалығып кеткенде бір еркектің етегінен ұстап, тұрмысқа шыға салғым келеді. Бірақ маған жолыққандардың барлығы жеңіл жүрісті болып шыға береді. Мүмкін маңдайыма жазылғаны осы шығар деп, қазір барлығынан үмітімді үздім.

Юалам мен қызымның болашағы үшін өмір сүріп, солар үшін еңбек етемін", - деп сөзән қорытындылады Жұлдыз.

Бір қызығы, әйел болған іске енесін кінәламайды екен. Оның ішіндегі қызғанышты "жалғызбасты ана ретінде жақсы түсінемін" дейді. Тек тағдырдың жазуына көну керек деп санайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1729330-alyp-kaskan-zerde-kalmaganyna-mir-bojy-kingen-kelinsek-zan-syryn-aktardy/

pixel