Атыраулық белсенді Талғат Аян түрмеден шықты
Опубликовано:
Атырауда 2016 жылғы сәуірде өткен "жер шеруіне" қатысқаннан кейін бес жылға сотталған жергілікті белсенді Талғат Аян 28 сәуірде түрмеден шықты. Бұл туралы Азаттыққа түрме қызметкерлерінің бірі хабарлады деп жазады NUR.KZ.

Талғат Аянның түрмеден шыққаны туралы қазақстандық құқық қорғаушы Бақытхан Төреғожина да Facebook парақшасында жазды.
Талғат Аян Ақтөбедегі К-168/2 колониясында қамауда отырған. 14 сәуірде Ақтөбе қалалық соты Талғат Аянның түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Сот шешіміне прокурор қарсы болмаған.
Атыраудағы митингіден кейін көп ұзамай белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян қамауға алынып, екеуінің үстінен Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалды.
2016 жылғы қарашада Атырау қалалық №2 соты Боқаев пен Аянды "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп танып, бес жылға бас бостандықтарынан айыруға үкім еткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1729450-atyraulyk-belsendi-talgat-aan-trmeden-sykty/