"Мүлде өзге әлем": Астананың бас алаңының шынайы келбеті қандай? (фото)
Опубликовано:
Астананың бас алаңы десе ойымызға бірден сән-салтанаты жарасқан зәулім үйлер мен "Қазақ елі" монументі, Әзірет Сұлтан мешіті сынды елорданың бас нысандары ойға оралады. Десе де, алаңнан бар-жоғы 500 метр жүріп өтсеңіз, мүлдем басқа "әлемге" тап боласыз. Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.

Қаланың оң жағалауындағы сәулеті мен дәулеті келіскен "Шабыт" институты, "Тәуелсіздік" сарайы мен Әзірет Сұлтан мешіті – бас қаланың елге көрсетер бас нысандары екені сөзсіз. Әйтесе де орталық алаңнан Байтұрсынов көшесінен сәл ары жүре қалсаңыз, елорданың өзгеше кейпін көресіз.

Мұны астаналықтар бай-бағландар кедей-кепшіктер тоғысқан аудан дейді. Мәселен, "Хайвилл" команиясына тиесілі мына биік үйлер Астанадағы ең қымбат пәтерлер деп саналса, одан 300 метр жердегі мына үйлерде бай-қуатты адамдар тұрады деп ойламайсыз.

Онда тақтайдай жол да, көше бойына отырғызылған көшет те жоқ. Тек лай-балшықты кешкен тұрғындар мен ұсқынсыз жер үйлерді көзіңіз шалады.

Ал аудандағы қоқыс төгетін орынның сиқы мынау: тат басқан күйі лай-батпақтың ортасында тұр.

Бір қызығы бұл көріністі еліміздің бай-бағландарының балалары оқитын, жылдық оқу ақысы 1 миллион теңгеден асатын "Нұр Орда" мектеп-лицейінің артқы жағынан көре аласыз.


Көшенің атауы Қарасаз болғанымен мұнда екі қабатты зәулім коттедждер де, бір қабатты кәдімгі жер үйлер де көп.



Ауданда бай-қуатты жандар көп тұратындықтан, мұнда қайыр тілеп отыратын келімсектер де көп.

Ал мына қысқа жол байлар мен "кедейлерді" жалғап тұратын көпір іспетті.

Жол бойы саз-балшық пен сыра бөтелкелерінен, шашылып жатқан қоқыстан "көз ашпайды".


Бүгін Астанада ыстық жел соғып тұрғандықтан, жолдың бәрі құрғақ. Жауын күндері бұл жерлермен жаяу жүріп өту мүмкін емес дейді тұрғындар.

Сырты әдемі суретпен әрленген мына қабырға бір алаңда түйіскен екі әлемді бөліп тұрғандай.


Өкініштісі қаланың бас алаңынан бар-жоғы 500 метр қашықтықтағы аумақтың сиқы бүгінде осындай мүшкіл күйде болып тұр. Ал шаһардың өзге аймақтарының "жай-күйі" айтапаса да түсінікті шығар...



Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1730340-mlde-zge-lem-astanany-bas-alayny-synajy-kelbeti-kandaj-foto/