Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Лифтіде қаза тапқан ақтөбелік журналистің анасы көпшілікке жанайқайын айтты (видео)

Опубликовано:

Ақтөбелік журналист Айзат Әбдісамат қаза болған лифтке әлі жөндеу жұмыстары жасалмаған. Тұрғындар адам ажалы болған лифтке екі айдан бері шошына қарап жүр. Ағашпен тіреліп қойылған жедел саты балалар өміріне де қауіп төндіруде деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Мамасын сұрамайды: Лифтіде қаза тапқан журналистің анасы жанайқайын жеткізді
Мамасын сұрамайды: Лифтіде қаза тапқан журналистің анасы жанайқайын жеткізді: UGC

Ал марқұмның туыстары қазаға кінәлі адамдардың жауапқа тартылуын сұрап отыр.

"Баласының көз алдында шешесі шырылдап көмек сұрады. Қиналғанда адамның қандай болатынын білесіздер. Бала соны көрді. Әр жерде отырғанда: "Менің мамам лифтіде қысылды, "помогите" деп айқайлады", - деп есіне түсіреді.

Машинада, пойызда кетіп бара жатқанда "Сен құлап қалмашы, мен сені ұстап отырайын, мені шайқамаңдар. Мен құлап қалмаймын ба?" деп қасындағы адамды ұстап отырады. Сәби анасының жаны шыққан сәтін көрді.

Мамасы туралы мүлде сұрамайды. Тек оның суретін көргенде ғана атын атап "Айзат, Айзат" деп айқайлайды. Барлық бала бірінші мамасын сұрайды, ал ол мамасын сұраған емес", - дейді марқұмның анасы Айша Төлемісова.
Айзаттың анасы Айша Төлемісова және қызы Іңкәр
Айзаттың анасы Айша Төлемісова және қызы Іңкәр: UGC

Айзат Әбдісамат қайғыдан қан жұтқан ананың үшінші қызы. Оның қазасынан бері екі айға жуық уақыт өтсе де, кінәлілердің жазаланбауы туыстарын алаңдатып отыр.

"Өткен демалыста Айзаттың қырық күндігін де өткіздік. Қираған лифт әлі сол күйі тұр. Жауапкер адамдар сол жерде баланың қалып қойғанын көрді.

Олар баланың жағдайын да сұраған емес. Мүмкін дәті жетпейтін шығар, әлде адамгершілігі жоқ па? Ол адамда ондай бала жоқ па?

Мен ешкімге жамандық тілемеймін. Бірақ менің баламның өліміне кінәлі адамдар жазалансын. Маған басқа ештеңе де керек емес", - дейді Айзаттың анасы.
Айзат марқұм болған лифт әлі жөнделмей тұр
Айзат марқұм болған лифт әлі жөнделмей тұр: UGC

Көңіл айтуға келген ПИК мамандары марқұмның өзін кінәлап кеткен.

"28 жастағы бауырым қыршын кетті. Біз жылап еңіреп отырғанда ПИК (КСК) адамдары келіп "өзінің кінәсі, тұрғындардың кінәсі" деп айтты. Ол кісінің сөзі бізге өтіп кетті.

Бұл жерде адамдардың қандай кінәсі бар? Лифт 28 жыл бойы жөндеу көрмеген. Тоғыз қабатты тұрғын үйде қаншама адам тұрып жатыр? Бізге енді шындық керек. Кінәлі адамның табылып, бұл жағдайға жауап беруін сұраймыз.

Лифтте қаза тапқан Айзат Әбдісамат
Лифтте қаза тапқан Айзат Әбдісамат: UGC

Үш жасар балаға шешесін кім тауып береді? Жолдасы әлі күнге жылап жүр. Міне, өлімнің болғанына екі айға жуықтады.

Лифт сол күйі тұр. Лентамен байлап қойған. Ойнап жүрген бала ол жерге түсіп кетуі де мүмкін. Әлі күнге қауіп төндіріп, ажал тілеп тұрған лифтке кім жауап береді?", - дейді марқұмның әпкесі Гүлжайнар Қарашолақова.
Мамасын сұрамайды: Лифтіде қаза тапқан журналистің анасы жанайқайын жеткізді
Мамасын сұрамайды: Лифтіде қаза тапқан журналистің анасы жанайқайын жеткізді: UGC

Еске сала кетейік, танымал тележүргізуші Айзат Әбдісамат 4 сәуір күні Ақтөбедегі өзі тұратын үйдегі лифтте қаза тапты. Айзат о дүниелік болар сәтте қасында оның үш жасар қызы болған.

Ескерту: Материал ҚР заңнамасымен қорғалған. Редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1731810-liftide-kaza-tapkan-aktbelik-zurnalisti-anasy-kpsilikke-zanajkajyn-ajtty-video/

pixel