Ұлттық бұйымды насихаттаушылар домбыра күніне орай қайырымдылық шарасын өткізді (фото)
Опубликовано:
Бүгін ұлттық нақыштағы бұйымдарды насихаттап жүрген "Елмұра" компаниясының директоры Салтанат Өмірәлінің бастауымен балалар үйінің 30 тәрбиеленушісіне домбыра сыйға тартылды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Компания елбасы бекіткен домбыра күні мерекесіне орай балалар үйінің тәрбиеленушілеріне өздері жасап шығарған ұлттық аспапты сыйлады.

Шара барысында №1 облыстық балалар үйі мен "Жанұя" ұйымының 30 тәрбиеленушісі қазақтың ұлттық аспабына ие болды.
Елімізде танымалдылыққа ие болған компанияның басшысы Салтанат Өмірәлінің мұндай қайырымдылық шараны ұйымдастырудағы басты мақсаты бүлдіршіндерді қазақылыққа тәрбиелеу екен.

"Елбасымыз өзі қолға алған дәстүрді жалғастыру мақсатында балаларға ұлттық мұрамызды дәріптеу барысында домбыра таратуды жөн көрдік. Бәлкім, осы балалардың арасында нағыз күйшілер өсіп шығатын шығар", - деп айтты компания басшысы.
Мерекелік іс-шара балалардың өнерін тамашалаумен жалғасты. Жаңа домбыраны қолдарына алып, қуанышын жасыра алмаған балалар күйден шашу шашты.

Сонымен қатар домбыра табыстау рәсімі барысында ұлттық бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Қала қонақтары мен тұрғындары аса бағалы тұрмысқа қажетті заттар мен кәдесыйларды қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, көрмеге "Елмұра" компаниясының шеберлері жасаған ағаштан, сүйектен, асықтан, теріден жасаған қолөнер бұйымдары қойылды. Мерекелік шара балаларға арнап жайылған арнайы мерекелік дастарханмен аяқталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1741044-lttyk-bjymdy-nasihattausylar-dombyra-knine-oraj-kajyrymdylyk-sarasyn-tkizdi-foto/