Қасымов Денис Теннің өлімін алғаш естігенде не ойлағанын ашық айтты
Опубликовано:
Еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов "Время" газетіне сұхбат беріп, Денис Теннің өлімінен соң алғаш рет ел көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді деп жазады NUR.KZ.

Журналист өз мақаласында Қасымов туралы жаза келе, оны "көпшілік тісін қайрап жүрген адам" деп сипаттаған. Сонымен бірге, оған қарапайым жедел уәкіл қызметінен министрге дейін өскен мықты тұлға ретінде баға берген.
Бұдан бөлек, журналист министрден Денис Теннің өлімінен соң қандай күйде болғанын және ең бірінші не туралы ойлағанын сұрады.
"Ең бірінші сізге қандай ой келді? "Болды, қызметімнен кетемін!" деп ойладыңыз ба әлде "Бұлай болмайды, бәрін жұмыстан шығарамын", - дедіңіз бе?, - деген сұраққа министр ашық жауап берді.
Оның айтуынша, ол ең бірінші қылмыскерлерді тезірек табу керек деп ойлағанын айтты.
Ал қоғам тарапынан министрдің қызметінен кетуіне қатысты талаптар айтыла бастағанда, қол астындағы қызметкерлері оған ІІД басшылығы ауысады деп мәлімдеу туралы ұсыныс айтқан екен.
Алайда министрдің айтуынша, басшылық қызметте отырған полицейлерді орнынан алуға еш себеп жоқ. Себебі олар өздерінің міндеттерін толық атқарып отыр, дейді шенеунік.
Бұдан бөлек, журналист оқиға болған күні Алматы қалалық ІІД басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев пен оның бірінші орынбасары, полковник Нұрлан Мәсімов демалыста болғанын алға тартты. Тілші министрге еліміздегі ең ірі қаланың ІІД сол уақытта басшысыз қалғанын еске салды.
Алайда Қасымов мұндай мәлімдемемен келіспейтінін жеткізді.
Оның сөзінше, ІІД басшысының екінші орынбасары Ізбасар Бектұров оның міндетін атқарып, бірінші болып оқиға орнына жеткен. Сонымен бірге, Нұрлан Мәсімовтің демалыста емес, жұмыс орнында болғанын, Серік Күдебаев болса, демалыста екі-ақ күн болып үлгергенін жеткізді.
Айтуынша, Күдебаев демалысына қарамастан, Алматы келіп, қылмыскерлерді ұстау операциясына арнайы қатысқан.
Министр бұл уақытта жұмыс бабымен Ақтауда болғанын айтты. Дегенмен ол барлық жағдайды біліп, бүкіл жаңалықты бірінші болып естіп отырғанын жеткізді.
Аталған материалды көшіру немесе басқа да мақсаттарда пайдалану "Время" баспасы ЖШС рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1746386-kasymov-denis-tenni-limin-algas-estigende-ne-ojlaganyn-asyk-ajtty/