Жантүршігерлік өлім: Елімізде ажалы лифтіден болған жандар кімдер?
Жарияланған күні:
Қазақстанда ажалы лифтіден болған жантүршігерлік оқиғалар легі азаяр емес. Өкініштісі, темір кабинада жан тәсілім еткен жандардың барлығы дерлік өмірі қыршынан қиылған жастар. NUR.KZ порталы назарларыңызға Қазақстанда лифтідегі өліммен аяқталған қайғылы оқиғалар тізімін ұсынады.
Күні кеше елді дүр сілкіндірген лифтідегі қайғылы оқиғалардың бірі – 28 жастағы ақтөбелік Айзат Әбдісаматтың өлімі болды. Жас журналист өздігінен жүріп кеткен жеделсатының кесірінен, қызының көзінше жан тәсілім еткен еді.
Көпшіліктің қабырғасын қайыстырған тағы бір оқыс оқиға Астанадағы "Мосвка" тұрғын-үй кешенінде орын алған еді. Аталған үйдің жеделсатысында осыдан он жыл бұрын Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының артисі Шолпан Мұқышева жан тапсырған еді.
Үш баланың анасы білместікпен 15 қабаттан лифтінін шахтасына құлап түсіп, мерт болған. Дәрігерлер оған "жүрегі жерге түспей жатып, қатты үрейден жарылып кеткен" деген қорытынды жасаған еді. Талантты актрисаның соңынан қалған балалар мен жолдасы бүгін дін аман. Жұбайы актрисаның туған сіңлісімен бас қосып, шаңырақтың түнінін түтетіп отыр.
Қазасы лифтіден болған тағы бір жантүршігерлік оқиға Атырау қаласында орын алған еді. Мұнда 14 жастағы қос бірдей жасөспірім лифтінің шахтасына құлап, қайтыс болған еді. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі аурухананың реанимация бөлімінде қайтыс болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1751005-zantrsigerlik-lim-elimizde-azaly-liftiden-bolgan-zandar-kimder/