Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Семейлік зейнеткер өмір бойы тұрмыс құрмағанына өкініп қалды

Опубликовано:

60 жастағы семейлік Валентина есімді зейнеткер NUR.KZ тілшісіне өзегін өртейтін өкініші туралы айтып берді. Бар өмірін жалғыз өткізген ол бір де бір рет тұрмыс құрып, бала сүймеген екен.

Көрнекі фото: kafanews.com
Көрнекі фото: kafanews.com: UGC

Валентина өз отбасында жалғыз бала болады. Сымбаты мен сұлулығы келісті қыз болып өссе де, өмірде жар таңдаумен жолы болмағанын отбасындағы жағдаймен байланыстырады.

"Анам ерте жаста тұрмыс құрған. Ал әкем одан 18 жас үлкен еді. Анамның өзі жетім өскендіктен, әкеме есеппен тұрмысқа шыққанын жасырмай айтып берген.
Сондықтан анам маған да бай отбасыдан шыққан күйеуіжігіт іздей бастады. Үнемі қолымнан түк келмейтінін айтып, жағдайы жақсы адаммен тұрмыс құрсам, барлық мәселе шешіледі дейтін. Әйелдің өмірлік міндеті үй шаруасына пысық болып, әдемі болып жүру ғана дегенді санама құятын. Ал мен кәсіби мансап құруды армандадым. Журналист, жүргізуші болып жарқырап жүрсем деп ойлайтынмын. Бірақ анама қарсы ауыз ашып сөйлей алмадым.

Өмірде адам өзіне берілген тәрбиеден асып кете алмайды екен. Түбінде менен не жақсы жар, не кәсіби маман, не бақытты әйел шықпады",- деп ақтарылды әйел.

Валентинаның айтуынша, ол 22 жасқа дейін анасының оны ұзату туралы жоспарлары сәтсіз аяқтала беріпті. Содан кейін оған ашуланып, "кәрі қыз" деп атайтын болған.

"Институтта оқып жүргенде біреуді сүйіп қалсам, анам дереу ол қарым-қатынасты доғартып тастайтын. Жігіттің барлық кемшіліктерін ашып, түбі сол адамнан айнытып жіберетін.

Ал өзі маған таныстарының арасынан жігіт іздеуді тоқтатпады. Оларды үйге шақырып, мені алсын деп жалынғандай кейіп танытатын", - дейді ол.

Валентина 32 жасқа келгенде анасы қайтыс болады. Оны жер қойнына тапсырса да, әйел өз бақытын таба алмапты.

"Балалары есейіп қалған құрбыларыма қарап қызығатын болдым. Анам қайтыс болған соң ер азаматтардан ұсыныстар түсіп жатты. Бірақ олар көңілімнен шықпай, ондай "бақыттың" қажеті жоқ деп шештім.

Тұрмысқа шықпағаным былай тұрсын, менің жұмыста да жолым болмаған. Ауыл шаруашылығы бойынша мамандықты бітіргеніммен, біресе аспазшы, біресе еден жуушы болып жұмыс істедім.

Қазір зейнеткерлікке шықтым. Қатарластарым немерелерін бағып, өмір сүруге деген құлшыныстары артып тұр. Ал мен күні бойы ғаламторды қарап, әрмен қарай қалай өмірді қалай жалғастыратынымды білмей отырмын", - деген Валентина өмірін мәнсіз өткізгеніне қатты өкінетінін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1753005-semejlik-zejnetker-mir-bojy-trmys-krmaganyna-kinip-kaldy/

pixel