Астаналықтар Исекешевсіз өткен алғашқы күздерін қалай қарсы алды?
Опубликовано:
Астаналықтар биылғы күзді алғаш рет экс-әкім Әсет Өрентайұлынсыз қарсы алды. Шаһарға өткен аптаның соңында алғаш рет қар жауғаны сол еді, көшеде кептеліс қаптап, қала іші ми-батпаққа айналды. Бір қызығы, Исекешевтің кезінде уақтылы жиналып алынатын гүлдерге дейін қар астында қалды. NUR.KZ астаналықтардан Исекешевсіз өткен алғашқы күздің қалай өтіп жатқандығын біліп қайтты.

Астанаға өткен демалыс күндері қар жауғаны сол еді, қала көшелерін су басып қалды.

Қар аралас жаңбырдан әсіресе қаладағы гүлзарлар қатты зардап шеккен. Тұрғындардың айтуынша, жыл сайын қаладағы мыңдаған гүлдер уақтылы жиналып тұрыпты. Биылғы жылы олардың бәрі қар астында қалды дейді.

"Әкім өзгерді, соның салдары шығар. Жылда күн жылы кезде гүлдерді жинап алып, жерді қопсытып жататын. Биыл байқамадық", - дейді қала тұрғындарының бірі.

Бір қызығы, қаланың оң жағалауынан бөлек, тіпті сол жағалаудағы басты көшелердің өзі су астында қалған.

Ал үй арасындағы мынадай бос алаңдар болса, саздан көз ашпайды.

Сонымен бірге, қала билігі қар түсіп, күн суығанда ғана шаһардағы арық мәселесін шешуге кіріскен сыңайлы. Астананың кей аудандарында мынадай арық сынды қазылған жерлерді байқауға болады.

Десе де, елордалықтардың дені Исекешев білікті әкім болғандығын айтады. Олар қаланың ендігі әкімі – Бақыт Сұлтановтың біліктілігін алдағы қыс көрсетеді дейді.
"Алда қыс келе жатыр. Қар түседі, оны уақтылы тазалау керек, жылу маусымы бар дегендей... Сол кезде көреміз, жаңа әкімнің біліктілігін. Исекешев көп шаруа тындырды", - дейді қала тұрғындары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1758217-astanalyktar-isekesevsiz-tken-algasky-kzderin-kalaj-karsy-aldy/