Арбасын несиеге алған жарымжан азамат елден көмек сұрауға мәжбүр (фото)

Опубликовано:

Астаналық Вадим Курьеров туғанынан ДЦП дертіне шалдыққан. Ата-ана жылуын көрмей өскен жігіттің мектепте білім алуға да мүмкіндігі болмапты. Аттестатсыз елордаға келіп, өз тіршілігін жасап жүрген азаматпен NUR.KZ тілшісі тілдесіп қайтты.

Арбасын несиеге алған жарымжан азамат елден көмек сұрауға мәжбүр (фото)
Коллаж: NUR.KZ: UGC

Вадим Курьеров биылғы жылы ғана Қостанайдан Астанаға көшіп келіпті. Асырап алған ата-әжесінің қолында өскен ол зейнеткерлердің мойнында отырмаймын деп, бас қалаға қоныс аударған.

Туғанынан ДЦП дертіне шалдыққан жігіттің мектепте білім алуға да мүмкіндігі болмапты.
Арбасын несиеге алған жарымжан азамат елден көмек сұрауға мәжбүр (фото)
Фото: NUR.KZ: UGC

"Өмірге өкпем жоқ, иә екінші санаттағы мүгедекпін. Ауылда асырап алған ата-әжемнің қолында тұрдым. Ол кісілер қазір зейнет жасында, бір зейнетақыға қарап, соған әрең күнелтіп отырған жандар.

Қариялардың алақанына қарап қалай отырамын? Осылайша, биыл Астанаға келіп қалдым.

Оқу оқып, білім алуға мүмкіндік жоқ, тек өз күшіммен компьютер жөндеп, соның тілін меңгеріп алдым. Осында келіп, солай жан бағып жүргенмін, қазір оған да тапсырыс түспей жатыр.

Арбаның өзін несиеге алғанмын, оның да ақшасын жабу керек. Ал, мүгедектігім үшін алатын зейнетақыммен аяқтан тік тұра алмайтыным айдан анық.

Бұған дейін өз күшіммен өз өмірімді жасап жүрген жандардың бірі едім. Енді осылай көптен көмек сұрауға тура келіп тұр ", - дейді ол.
Арбасын несиеге алған жарымжан азамат елден көмек сұрауға мәжбүр (фото)
Фото: NUR.KZ: UGC

Сонымен бірге, ол Астанада мүмкіндігі шектеулі жан ретінде пәтер кезегіне тұрсам дейді.

"Қазір Астананың 7 емханасы ауданында пәтер жалдап тұрып жатырмын. Өткенде емханаға тіркеліп те қойдым. Енді анализдерімді тапсырып, пәтер кезегіне тұру үшін құжаттарды жинау керек.

Оның бәріне жүріп-тұрып, шапқылау керек. Қоларбада отырған адамға жүріп-тұрудың өзі қиын екенін білесіз ғой.

Бірақ, сонда да қазіргі өміріме еш өкінбеймін. Құдай маған қандай өмір берді, соны сүруге дайынмын. Болашағымнан ешқашан үмітімді үзген емеспін", - дейді 35 жастағы ер адам.

Вадим Курьеровқа көмек қолын созамын деушілер 8 778 999 83 60 номеріне хабарласа алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1759431-arbasyn-nesiege-algan-zarymzan-azamat-elden-kmek-srauga-mzbr-foto/