Екібастұздың 5 жасар тұрғыны анасын қазақша сөйлеуге мәжбүрлеген
Опубликовано:
Екібастұзда тұратын бес жасар Мехди өз ата-анасын қазақша сөйлете алмай әлек. Баланың анасы айналасында ешкімнің қазақ тілінде сөйлемейтінін айтып, ұлының өзі мемлекеттік тілге асқан қызығушылық танытатынын жеткізді деп жазады NUR.KZ.

Мехди екі жыл бойы балабақшада орыс тобында тәлім алған. Алайда ата-анасы ұлының қоғамда тез бейімделетінін байқап, оны қазақ тілді топқа беруді жөн көреді.
"Ұлым өздігінен белсенді, тақпақтарды тез-ақ жаттап алады. Көп нәрсеге қызығады. Жақында біз оны басқа балабақшаға ауыстырып, қазақ тобына беріп көруге бел будық.
Ол бұл өзгерістерді жақсы қабылдап, жаңа тілді меңгеруге білек-сыбана кірісті.Енді ол өз айналасындағы жандардың барлығынан қазақша сөйлеуді талап етуде.
Кейіннен ұлым тіпті көптеген қазақ тілді іс-шаралар мен конкурстарға қатыса бастады. Ол өте белсенді бала" , - деді Олеся Гүлжалал.
Мехдидің анасы ұлының қазақ тіліне деген құлшынысын барынша қолдауға тырысатындарын айтты.

"Әрине бұл бастамасын дамытатын боламыз. Бастысы бұл өзінің қалауы.
Ол өзі білімге құлшынып, бізді де қазақша сөйлеуге мәжбүрлейді. Біздің туыстарымыздың арасында қазақ мүлде жоқ. Сол себепті, оның осылай сөйлеуіне біреу себепкер болды деген пікірлер орынсыз.
Оның бұл құлшынысы балабақша деңгейінде қалып қоймаса деймін. Сол себепті оны мектепке қазақ сыныбына бермекпіз.
Оған қоса, біз Мехдиді басқа салаларда да дамытып жатырмыз. Оның ішінде спорт ерекше орын алады. Ол арнайы жекпе-жек секциялары мен акробатикаға қатысады. Баламыздың болашақта кім болатынын уақыт көрсетер. Қалай болғанда да шешімді өзі қабылдайды.
Қазір оған бәрі қызық. Біз оның өз елінің бетке ұстар азаматы әрі отбасының мақтанышы болып өсуі үшін қолдан келгенннің бәрін жасаймыз" , - деп қорытындылады сөзін анасы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1759604-ekibastzdy-5-zasar-trgyny-anasyn-kazaksa-sjleuge-mzbrlegen/