Ескендір Сүлейменовтің ата-анасы айыпталушыдан 14 млн теңге талап еткен
Опубликовано:
Бүгін Астанадағы Есіл аудандық сотында Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының қызы Малика Мұхитоваға қатысты қылмыстық істің сот отырысы өтті деп хабарлайды NUR.KZ.

29 жастағы ару 22 маусым күні ақын Олжас Сүлейменовтің жалғыз немересі Ескендір Сүлейменовпен соқтығысқаны үшін айыпталуда.
Жантүршігерлік жол апатынан 26 жастағы жігіт оқиға орнында мерт болған еді.
Ескендердің ата-анасы атынан сотта арыз хат оқыған Дамир Сальдинов айыпталушыдан барлық шығынды өтеуді талап ететіндерін жеткізді.
"Айыпталушы Малика Мұхитованың қатысуымен орындалған қылмыс нәтижесінде мынадай шығын келтірілді. 2012 жылғы Ducati Streetfighter 1098 мотоциклінің құны 3 миллион 956 мың теңге. Ол жол көлік оқиғасы болған жерде жанып кеткен және қайта жөндеуге келмейді.
Марқұмды жерлеу рәсімі, жаназасын шығару және ас беру үшін 7 миллион 124 мың теңге, сотқа дейінгі тергеуге қатысу үшін 2 миллион 542 мың 990 теңге кетті. Шығынның жалпы сомасы 14 миллион 753 мың 190 теңге", - деді қорғаушы.
Сондай-ақ, Сүлейменовтер жанұясының өкілі Малика Мұхитованың кінәсі оның толық мойындауынан бөлек, оқиға орнында түсірілген бейнежазбалар арқылы да анық дәлелденіп тұрғанын айтты.
Ол аталған материалдық шығынның барлығын өтесе де, жәбірленуші тарап тартқан азаптың орнын толтыра алмайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, арызданушы тарап жауап беруші Мұхитовадан қорғаушыға төленген қаржыны да өтеп беруін сұраған.
"Жоғарыда келтірілген дәлелдерге сүйене отырып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 166, 167 бабы бойынша Мұхитова Маликаның Сүлейменова Лейла Олжасқызы мен Хан Сергей Петровичтің пайдасына 14 миллион 753 мың 190 теңге материалдық шығынын өтеп, көрсеткен көмегі үшін сол тараптың өкіліне 1 миллион 130 мың теңгені де төлеп беруін өтінеміз", - деп сөзін қорытындылады Сальдинов.
Еске салсақ, осыған дейінгі сот отырысында Малика Мұхитова кінәсін толық мойындап, шығынды өтеуге дайын екенін айтқан болатын. Сонымен қатар, ол көз жасын тыя алмай, марқұмның ата-анасынан кешірім сұраған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1759623-eskendir-slejmenovti-ata-anasy-ajyptalusydan-14-mln-tege-talap-etken/