Жамбыл облысында «Е-қылмыстық іс» жобасы жүзеге асырылуда

Опубликовано:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауындағы елімізде цифрлы технологияларды дамыту туралы талабы Қазақстан аймақтарында кеңінен орындала бастады деп хабарлайды «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» КММ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған NUR.KZ.

Жамбыл облысында «Е-қылмыстық іс» жобасы жүзеге асырылуда
Фото: law-lider.ru: UGC

Жамбыл облысында да «Е-қылмыстық іс» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Енді қылмысты тіркеу, сотқа дейінгі тергеу және жазаны орындау барысы бұдан былай электронды түрде ғана іске асырылмақ.

Игілігі мол жоба Елбасының елімізде цифрлы технологияларды дамыту туралы талабының аясында жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама Астана қаласы мен Жамбыл облысынан бастау алған болатын. Аталған жоба қазіргі таңда облыста жүйелі түрде орындалып жатыр. Мәселен, бүгінде Байзақ аудандық ішкі істер бөлімшесі мен Тараз қалалық №1 ішкі істер бөлімшесі «Е-Қылмыстық іс» жобасына қажетті жабдықтармен 100 пайыз қамтылып отыр. Алдағы уақытта бағдарламаны толықтай жүзеге асыру үшін 60 млн теңгедей қаржы қарастылмақ.

Сондай-ақ, бағдарлама аясында соттан санкция электронды түрде алынып, жәбірленуші, айыпталушы, адвокат істің қалай қаралып жатқанын онлайн режимде көруіне мүмкіндік туындаған. Әрине, электронды қылмыстық істің қандай артықшылығы бар деген сауалдың тууы заңдылық.

Айталық, енді қылмыстық істі бұрмалау болмайды, істер жоғалмайды және қағазбастылық болмайды. Сонымен қатар, электронды шағымдар модулі жұмыс істеп, тараптар тергеушінің іс-әрекетіне шағым келтірсе, оны прокурор бірден онлайн түрде тексере алады.

Тәртіп сақшылары үшін бүгінге дейін қағабастылық мәселесі қиын соққан. Бұл уақытты алып қана қоймай, бюджетке де үлкен шығын келтірді. Ал тергеу жұмыстары бірнеше айға созылып, қылмыстық іс өте ұзақ жүргізілді.

Цифрлы технологияларға көшкен соң, қоғамдағы күрмеуі көп мәселелерді шешу жолы жеңілдей түсері сөзсіз. Әсіресе, ауыр қылмыстарды ашу мерзімі қысқарып, шығын мен жүктеме міндеттердің азаяры анық. Бұл жоба құқыққорғаушылардың жұмысын жандандырып, қылмыстық іс жүйесін жаңғыртуға септігін тигізетініне сенім мол.

«Е-Қылмыстық іс» жүйесін еліміздің Бас прокуратурасы әзірлеп шықты. Бұл жоба алғаш болып еліміздің оңтүстік өңірлерінде және Жамбыл облысында бастау алды. Бағдарлама қылмыс тіркелген сәттен бастап, тергеу жұмысы мен үкімнің шығуы және орындалуын түгелдей қамтитынын еске саламыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1759643-zambyl-oblysynda-e-kylmystyk-is-zobasy-zzege-asyryluda/