Жамбыл облысында оқушыларға мектеп салып берген кәсіпкер елді сүйсінтті

Опубликовано:

Жамбыл облысындағы "Шаушен" қожалығының иесі Сайрамбай Дөненбаев жерлестеріне жомарттығымен танылған. 200 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер, 150 миллион теңгеге шопандардың балаларына мектеп-интернат салып берген. Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Астана арнасының материалынан скриншот
Фото:Астана арнасының материалынан скриншот: Facebook

Кәсіпкердің мал шаруашылығымен айналысқанына 22 жыл болыпты. 20 жылқы, 20 ірі қара, 500 бас қоймен бастаған кәсіпкердің қазір қой басы 52 мыңға, жылқы саны екі мың 200-ге жетіпті.

Биыл Біріккен Араб әмірлігі мен Иранға сегіз мың бас қой жіберіпті.

Қызметкерлерін ынталандыру мақсатында кәсіпкер шопандарға жыл сайын 500-600 бас қой береді екен.

20 шопанға жекешелендіру құқығымен 10 үй тұрғызып берген кәсіпкер қызметкерлерінің балаларына арнап мектеп-интернат пен 92 орындық балабақша салғызыпты.

"Қалада жоқ нәрсе ауылда бар бізде. 12 жыл еңбек еткеніміз үшін үй тарту етті. Кейбіреулерге көлік берді. Әркімге еңбегіне қарай береді", - деді шаруа қожалықтың бригадирі Жандос Айтжанов.

Кәсіпкердің ендігі жоспары жылына халық игілігіне 50 млн теңге бөліп, спорт сарайы мен 60 орындық балабақша салу екен.

Д. Әлімқұл

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1767317-zambyl-oblysynda-okusylarga-mektep-salyp-bergen-ksipker-eldi-sjsintti/