Ақтөбелік шенеуніктің қызметтік Toyota-сы түн ортасында мейрамхана жанында көзге түсті
Жарияланған күні:
Ақтөбеде түнгі мезгілде жорыққа шыққан шенеуніктердің тоғыз бірдей қызметтік көлігіне қатысты шұғыл тексерістер жүріп жатыр. Бұл туралы мемлекеттік агенттік жанынан құрылған "Адалдық алаңы" жобасының жұмыс кездесуінде айтылды деп хабарлайды NUR.KZ.
Рейдтік жұмыстар нәтижесінде 9 құқық бұзушылық дерегі анықталған.
"Облыстағы ветеринариялық инспекцияға тиесілі мемлекеттік нөмірі D 280 CD Ssang yong қызметтік автокөлігі Әбілқайыр хан даңғылы бойында кешкі сағат 22:38 уақытында жүріп бара жатқан жерінен көзге түсті.
Сондай-ақ, осындай уақытта Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпараттар орталығына тиесілі нөмірі kz 468 AE/04 Chevrolet Aveo қызметтік көлігі "Дина" сауда орталығының аумағында көзге түсті.
Бұдан бөлек, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының Ақтөбе филиалына тиесілі "Тойота" қызметтік автокөлігі "Шаңырақ" мейрамханасының аумағында көзге түсті", - дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің маманы Ақансері Сұлтанбеков.
Өңірде қызметтік көліктерін оңды-солды пайдаланатын шенеуніктерге қатысты рейд жұмыстарының алдағы уақытта да ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1773201-aktbelik-seneunikti-kyzmettik-toyota-sy-tn-ortasynda-mejramhana-zanynda-kzge-tsti/