"Крещение" мейрамында мұсылмандарға суға түсуге бола ма?
Жарияланған күні:
Христиан дінінде ерекше орынға ие Крещение мейрамы 18-19 қаңтар күндері тойланады. Ал Иордан өзенінде Иисус Христостың шоқынуынан туындаған мерекеде мұсылмандарға "суға" шомылуға бола ма? Бұл сұраққа ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы mazhab.kz сайтына жауап берген.
Маманның айтуынша, 18-19 қаңтарда жер бетінде барлық су атауы жаңарып, тазарады екен. Бірақ, ол діни рәсіммен дұға айтылған соң ғана "киелі" болады. Ол үшін шіркеуде суға белгілі дұғаларды айтып, айқышты (крест) батырады. Осыдан кейін ғана су қасиетті атанып, шомылған адам рух тазалығы мен тән тазалығыны қол жеткізетін көрінеді.
Амантай Тойшыбайұлы мұсылмандар христиан дінінің мейрамдарына құрметпен қарайтынын айтады. Бірақ, бұл – мұсылмандардың да осы күнді қасиет тұтып, бүгінгі мейрамның құрметіне мұздай суға шомылуына болады деген сөз емес екен.
Оның сөзінше, қайсыбір мұсылман осы күннің қасиеттілігіне сеніп, аталмыш күнгі суды "киелі" санап шомылса, яки сақтап жүрсе, онысы мұсылманшылықтан шығарып, күпірлікке апаратын әрекет саналады.
Өйткені, бір мұсылманның аталмыш күнді қасиет тұтуы – оның астарындағы пəлсəфəні, нанымды мойындайтындығын көрсетеді. Дəлірек айтқанда, дəл осы күні Құдайдың әлемге үш түрлі тәңірлік бейнесінде көрінгендігіне сенеді деген сөз.
"Ал, Құранда Алла Тағала: "Шынында: "Алла деген – Мәриям ұлы Иса ғой" деушілер, сөз жоқ кәпір болды…", – деген. Бұған қоса: "Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады", – делінген Құран аяты да бар", -дейді Тойшыбайұлы.
Одан бөлек, маман шыныққысы келген мұсылман жан мұздай суға дәл ол күні емес, басқа күндері түскені дұрыс екенін айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1773259-kresenie-mejramynda-msylmandarga-suga-tsuge-bola-ma/