Жанар Толыбаева өзін сот алдында қорқытқанын жайып салды
Опубликовано:
Денис Теннің өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында Жанар Толыбаева өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Күдікті тек қана ұрлықты хабарламағанын айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

"Маған тағылған айып- 434- бап бойынша "жасалғаны анық белгілі қылмыс туралы хабарламау" болып тұр. Бұл жетінші томда "қазаға ұшыратқанын анық көріп отырып, хабарламаған" деп жазылған. Бірақ, олар менің көзімше пышақ салған емес. Радиодан да "Денистің қалай қансырап жатқанын көріп, кетіп қалған" деп отыр. Мен ешқандай қанды көрген жоқпын. Нақты қалай, кімнің пышақ сұққанын көрмедім", - дейді Толыбаева.
Сондай-ақ, Толыбаева қылмыс орнына қайтадан бармағанын атап өтті.
"Мен көліктің тұрған жеріне дейін бардым. Көлік орнында жоқ болғаннан кейін хабарласа бастадым. Сол кезде маған келесі көшемен төмен қарай түсе бер дегенде, мен Назарбаев көшесіне дейін ғана жеттім. Қылмыс болған орынға, Құрманғазы-Байсейітова көшесіне қайта келмедім. Мен қазаға ұшыратқанын анық көрмедім. БАҚ өкілдерінен естігенім рас, бірақ ол кезде Қиясов Нұралыны ұстаған болатын", -деді күдікті.
Күдікті Денистің анасын түсінетінін алға тартты.
"Әрине, бұл өте қайғылы жағдай. Бірақ, мені соншалықты ауыр жазаға тартатындай, ауыр қылмыс жасадым деп ойламаймын. Мен Оксана Алексеевнаны ана ретінде түсінемін. Қанша сөз айтса да, көтеруге дайынмын", - деді ол.
Сондай-ақ, Жанар Толыбаева өзін сот алдында біреулер келіп қорқытқанын жайып салды.
"Егер мені бостандыққа жіберген жағдайдың өзінде, менің күмәнім бар. Негізі айтқым келмеген. Бірақ, маған желтоқсан айында ЛА 155/18 мекемесіне адамдар келді. Сол кезде мені сот болардың алдында қорқыта бастады. Сондықтан, мен білмеймін. Мен бостандыққа шықсам да, лагерьге барсам да жағдайымның қалай болатынын білмеймін. Айтқым келмеген, бірақ қылмыстық ұйымды басқарған сен деп отырған соң сот отырысында соңғы сөзім ретінде айтуды ұйғардым", - деп жылады Толыбаева.
Айта кетейік, Денис Теннің өліміне қатысты кезекті сот отырысында тергеу ісіне көңілі толмаған Оксана Тен сотқа шағым түсірді.
Ал жәбірленуші жақтың қорғаушысы Нұрлан Өстеміров сотталушыларды 20 жылға бас бостандығын айыруды сұрады.
Одан бөлек, Оксана Теннің адвокаты Денистің өліміне күдікті Толыбаева екі жігітке нұсқау беріп отырғанын жеткізіп, күдікті келіншекке жазаны ауырлату қажеттігін айтты.
Күдікті Арман Құдайберген ойында адам өлтіру болмағанын айтса, Нұралы Қиясов барлығынан кешірім сұрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1773533-zanar-tolybaeva-zin-sot-aldynda-korkytkanyn-zajyp-saldy/