Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көмір кенішінде көз жұмған спортшының анасы Семей әкімінен көмек сұрады

Опубликовано:

Көмір үшін кезекте тұрғанда көз жұмған спортшы Жасұлан Әбиевтің анасы Семей әкімінен көмек сұрады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Коллаж: NUR.KZ/ Фото: instagram, abctv
Коллаж: NUR.KZ/ Фото: instagram, abctv: UGC

Марқұмның туыстары Жасұланның өліміне қатысы бар тұлғалардың жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтады.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында бір күдікті - 1994 жылы туған азамат өтіп жатыр. Ал спортшының анасы ұлының өліміне кем дегенде екі адам кінәлі дейді.

Бүгін қала әкімі Ермак Сәлімовтың халықпен есептік кездесуі кезінде ол қала басшысынан көмек сұрады.

"Оны бір ғана адам өлтірген жоқ. Ол жақта адамдар көп болды. Бірақ, тек бір күдікті ұсталған. Мен ұлымның жарақаттарын көрдім. Оны не үшін өлтірді? Бұл топтық қылмыс болған",- деді ол.

Бұл мәселені естіген әкім бірден прокуратура өкілдеріне назар аударды. Олар, өз кезегінде істің сот қарауында екенін айтты. Ермак Сәлімов қылмыстық істі бақылауда ұстауды тапсырды.

Еске сала кетейік, бұрынғы спортшы Жасұлан Әбиев 12 қараша күні Қаражыра көмір кенішінде қаза тапқан.

Бастапқыда спортшы басына арматурамен соққы жасалып, ол бас сүйек-ми жарақатын алды деген болжам айтылды. Қазір, туған-туысының сөзіне сәйкес, сотталушының әрекеті "абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа зиян келтіру" бабы бойынша қаралып жатыр.

Жақындарының сөзінше, сотталушы тек қана жұдырықпен жақтан соққы бергенін, содан соң спортшы құлап, басын ұрғанын айтып отыр екен.

Осы мәселеге қатысты Жасұланның туыстары адам өліміне қатысы бар барлық тұлғалардың жауапқа тартылғанын, істің "Адам өлімі" бабына сәйкес қаралғанын қалап отыр. Олар бұл іс үшін тағы бір қосымша қорғаушыны жалдауға дайын.

Жасұлан Әбиев-дзюдодан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері. 10 жыл бұрын ол кәсіби спорттан кәсіпкерлікке кеткен. Жасұлан Әбиевтің жасы 33-те болған, оның артында үш баласы қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1777447-kmir-kenisinde-kz-zmgan-sportsyny-anasy-semej-kiminen-kmek-srady/

pixel