RU

Бұрынғы полицей төмен жалақы мен туыстардың толассыз өтініші жайлы ашық айтты

Бұрынғы полицей Азамат Сәрсенбаев ішкі істер органдарынан бес тәртіп сақшысының жұмыстан босатылуына қатысты пікір білдірді. Сонымен қатар ер адам полицей қызметінің қиын тұстарын ашып айтқан деп жазады NUR.KZ.

Фото: Astana1Life.com
Фото: Astana1Life.com: UGC

Бұрынғы полция қызметкері органдағы қызмет жайлы өзінің Facebook парақшасында жазған. Оның сөзінше, полицейдің нақты жұмыс тәртібі белгіленбейді. Бірақ, олар күнделікті сағат 8:30-да қызметке кірісу керек.

Батальондағы қызметте жұмыс сағат жетіде басталып кетеді. Жұмыс күні түн жарымға дейін жалғаса береді. Оның үстіне, демалыс пен артығымен қызмет атқарған үшін қосымша ақы төленбейді. Тіпті, жөнді дұрыс түстену мүмкін емес дейді бұрынғы полицей.

Азамат Сәрсенбаев аға лейтенант атағымен взвод командирінің орынбасары болып жұмыс істегеннің өзінде айына 110 мың теңге жалақы алғанын жеткізді. Оның қасында, сержанттар бар-жоғы 70 мың теңге алып отырған. Алайда, жұмыс көлемі тағайындалған жалақыға мүлде сай емес болыпты.

Ал басшылық пен қызметкерлердің арасындағы қарым-қатынас бастықтың жеке пікірі аясында құрылады. Бастысы жағымпаздық деп жазады бұрынғы полицей. Оның сөзінше, жақсы атқарылған жұмыс аса маңызды емес.

Сонымен қатар, бұрынғы тәртіп сақшысы өзіне мынадай ақыл-кеңес берілгенін айта кетті: "Алғыс хат, марапат пен қаржылай сыйлықақы алғың келсең кадрға барып жұмыс істе".

Азаматтың айтуынша, туысқандар мемлекеттік қызметте жүрген жақындарына қысым көрсетеді. Олар полицейлердің қолынан бәрі келеді деп, кез келген оқиғада көмек сұрайды. Ал қызметке жаңадан келген тәртіп сақшылары өз билігіндегі белгілі бір артықшылықтарды көре сала, оларды "қосымша табысқа" кенелу жолында да қолданып жатады.

Азаматтың айтуынша, полицияда кездейсоқ адамдар көп. Олардың арасында жақсы жігіттер де бар дейді ол. Алайда, тәртіп сақшысының сөзінше, көпшілігі жұмыстан түсінпеушілік салдарынан айырылып жатады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1778878-bryngy-policej-tmen-zalaky-men-tuystardy-tolassyz-tinisi-zajly-asyk-ajtty/