RU

Мексикалық ару Головкин-Альварес жекпе- жегінде кімге жанкүйер болатынын айтты

Астанадағы "Назарбаев" университетінде білім алып жатқан мексикалық бойжеткен Сандра Реаль 10 жасында Қазақстанды алғаш кітаптан көріп, осы елге қалай да келуді арман еткен. Елордадағы белді оқу орнында білім алып жатқан ол, жерлесі Сауль Альварес жайлы да ой қазғады. NUR.KZ тілшісіне мексикалық бойжеткен алдағы жекпе-жекте кімге жанкүйер болатынын айтып берді.

Фото: Sputnik Қазақстан
Фото: Sputnik Қазақстан: Facebook

Астанаға осыдан екі жыл бұрын келген Сандра Реаль бүгінде "Назарбаев" университетінің магистратурасын тәмамдамақ.

"Бұйыртса осы семестрде магистратураны бітірмекпін. Қазір жұмыс қарастырып жатырмын. Сондай-ақ бұрынғыдай түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастырып жүрмін. Бүгінде осы университетте шетелдік студенттердің қауымдастығын құрып, олардың мәдени шараларға қатысуына, тіл үйренуіне атсалысып жатырмыз. Магистерлік диссертация тақырыбын қымыз бен оның құрамына арналғандықтан, осы тақырыпты да жіті зерттеу үстіндемін", - деп жоспарларымен бөлісті мексикалық ару.

Сонымен бірге ол қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес Канело арасындағы жекпе-жекте кімге жанкүйер болатынын да айтты.

"Негізі боксты сүйіп көретін көрермендердің қатарынан емеспін, сондықтан екеуінің бірінің женкүйерімін деп айта алмаймын. Бірақ бізде Канелодан да мықты боксшылар бар. "Канелоға" Мексикада тек маркетинг ретінде қарайды. Ал Головкин жайлы айтар болсам, мен оны қатты сыйлаймын. Қазақстанның атақ-абыройын шетелде асқақтатып шығарып жүрген талантты боксшы деп білемін", - деді Сандра Реаль.

Айта кетейік, Сандра Реальдың Қазақстанға алғаш қалай келгені жайлы былтыр жазған едік.

Оңтүстік Америкадан келген бойжеткен, Астанаға келгендегі алғаш әсерлері жайлы айтып, аз уақытта қазақ тілін меңгеріп үлгергенін әңгімелеп берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1779046-meksikalyk-aru-golovkin-alvares-zekpe-zeginde-kimge-zankjer-bolatynyn-ajtty/