Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға 1 млн теңгенің сертификаты берілмек

Опубликовано:

Алматыда тұрмыс жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға пәтер алуға мүмкіндік беретін тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл туралы халықпен есептік кездесу өткізген Бауыржан Бәйбек мәлімдеді деп хабарлайды NUR.KZ.

Алматыда тұрмыс жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға үй алуға бір миллион теңгенің сертификаты беріледі
Фото:bnews.kz: Facebook

Қала басшысы соңғы екі кездесу кезінде 600-ге тарта көпбалалы анамен кездескенін мәлімдеді.

"Жүздеген тілек талданып, тұрғын үй, коммуналдық төлемдерді төлеу, жәрдемақы мөлшерін көтеру, оқу және жұмысқа орналастыру сияқты ең күрделі мәселелер іріктеліп алынды. Атаулы әлеуметтік көмек әдістемесіне енгізілетін өзгерістер де үкіметтік жұмыс тобына жіберілді.
Бірақ әкімшілік деңгейінде шешілетін тетіктер мен қорымыз бар. Сондықтан арнайы кешенді жұмыстар жоспары құрылды. Мысалы, Алматыда "Бақытты отбасы" әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Тұрғын үй алуға кезекте тұрған 1276 отбасының алғашқы жарнаны төлеуге мүмкіндігі болмағандықтан, қала бюджетінен бір миллион теңге көлеміндегі сертификаттар бөлінетін болады.
Алғашқы жарна пәтер құнының 10 пайызын құрайды, несие екі пайыздық мөлшерлемемен 18 жылға беріледі. Өткен екі жылда біз "Алматы Жастары" бағдарламасын жүзеге асырғанбыз. Бес пайыздық мөлшерлемемен жас отбасыларға құны 10 млн теңгеге дейінгі 238 пәтер берілген. Яғни біздің мұндай бағдарламаны жүзеге асыруда тәжірибеміз бар", - деді Бауыржан Бәйбек.

Несие жаңадан тұрғызылған үйлердегі құны 15 млн теңгеден аспайтын шағын пәтерлерге беріледі.

Биылғы жылы Алатау және Наурызбай аудандарында осындай 500-ге жуық пәтер өткізілуі тиіс. Сондай-ақ ескі үйлер орнына жаңа құрылыс бастайтын жер қорлары да бар екен. Мемлекеттік-жеке серіктестік бойынша бес жылда 23 мың пәтер тұрғызу жоспарлануда.

Бәйбек соңғы үш жылда кезек бойынша 10 мыңнан астам алматылық отбасы үйлі болғанын баса атап өтті. Оның ішінде 1356 пәтер қалалық тұрғын үй қорынан бөлінсе, сегіз мыңға жуығы жеңілдетілген ипотека бойынша үлестірілген.

40 пайызы әлеуметтік тұрғыдан әлсіз санатқа: 2375 пәтер көпбалалы және толық емес отбасыларға, 564 - мүмкіндігі шектеулі жандарға, 345 - жетім балаларға, 165 пәтер зейнеткерлер мен ардагерлерге берілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1779576-almatyda-trmysy-tmen-kpbalaly-otbasylarga-1-mln-tegeni-sertifikaty-berilmek/

pixel