RU

Таразда қызы тәрбиешіден оңбай таяқ жеген ананың басы дауға қалды

Таразда кішкентай қызы тәрбиешіден таяқ жеген ана алғашында жәбірленуші болып, ойда-жоқта айыпталушы болып қалған. Сорақысы, перзенті соққыға жығылған ана балабақшаға меңгерушісіне қомақты қаржы төлеуге міндетттелді деп хабарлайды КТК арнасы.

Фото: Видеодан кадр/ КТК
Фото: Видеодан кадр/ КТК: Facebook

Бұл оқиға былтыр маусымда болған еді. Жеке балабақша тәрбиешісі екі жасар бүлдіршінді ұрып, соңы дауға ұласқан.

Бұдан кейін кішкентай қыз бөбекжайға оралмапты. Кейін Адина Мірқалықова 17 мың теңге төлемақыны қайтаруға барғанда жанжал туындаған екен. Алайда ол дәлізде дауыс көтеруден әріге бармапты.

Бірақ балабақша басшысы соққыға жығылып, қабырғам сынды деп арыз жазған. Осылайша, іс сотқа жетіп, Адина 2 миллионға жуық қаржы беруге міндеттеліпті. Апелляциялық шағым түсіргенімен, одан да нәтиже өнбеген.

"Моральдық шығын 300 мың, адвокат қызметі 500 мың айппұл салып жатыр. Қалған сомалар сәл қысқартылды. Менің төрт балам бар, ол бақшада таяқ жеді. Ешқандай заңсыз әрекет істегенім жоқ. Қолымыздың ұшын да көтергеніміз жоқ", - деді Адина Мірқалықова.

Көпбалалы ана бұл іске тергеуші де, судьялар да істі әділетсіз қарағанын, жанжалға түк қатысы балабақша қызметкерлері даулы іске куәлік еткенін айтқан. Оның сөзінше, айғақ ретінде ұсынылған видеолар да елеусіз қалған.

Өкінішке қарай, тілшілер балабақша меңгерушісімен тілдесе алмапты. Ол сұрақтарға тіпті телефон арқылы жауап беруден де бас тартыпты.

Дереккөз: КТК арнасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1779802-tarazda-kyzy-trbiesiden-obaj-taak-zegen-anany-basy-dauga-kaldy/