RU

Алматыда үшінші баласына аяғы ауыр келіншек күн суықта көлік жуып күнелтуде

Алматы тұрғыны Ақбота Кимерхан үшінші баласына аяғы ауыр екеніне қарамастан, жолдасымен бірге көлік жуу орталығында жұмыс істеуге мәжбүр. Ол күнкөрістің қамы үшін жүктілігінің алтыншы айында осындай ауыр іспен айналысып жүргенін алға тартты деп жазады Замана.

Фото: vesty.co.il, yamama.ru. Коллаж: NUR.KZ
Фото: vesty.co.il, yamama.ru. Коллаж: NUR.KZ: Instagram

25 жастағы келіншек көлік жуу орталығындағы жұмысының көп табыс әкелмейтінін де жасырмады. Оның сөзінше, жалақысы келетін көлік санына байланысты екен. Жұмыс жақсы жүрген күндері бес мың теңгеден алып тұрса, кейбір кездері көк тиынсыз қалатын күндері де болады екен.

Анықталғандай, көктем мен күз айларында жауын-шашынның көп болуына орай көлік жууға келетіндердің де саны азая түседі.

Ерлі-зайыптылар "Айнабұлақ" шағын ауданында айына 30 мың теңге төлеп, бір бөлмелі пәтер жалдап тұрады. Бірігіп көлік жуумен айналысатын ата-ана алдымен пәтер мен азық-түліктің ақшасын шығарып алады. Олардың алатын айлықтары одан басқасына жетпейді.

Ең сорақысы, ерлі-зайыптылар балаларын жұмыс орнына өзімен бірге ертіп барады. Себебі, бүлдіршіндерге қарап отыратын адам жоқ. Олардың үлкені төртте болса, екіншісі бір ажырм жаста.

"Оларды осында ертіп әкелеміз. Ол үшін бастықтан арнайы рұқсат алдық. Біз балаларымызды тастайтын жер таппай, қиналып жүргенімізді көрген соң көнді. Жұмыс уақыты тоғыз бен түнгі 12 аралығында. Балаларымыз басында мазасызданып, жылай беретін. Қазір олар да үйреніп алды. Жұмыста кішкентай бөлме бар, сонда ұйықтатамын. Қайтарда жолдасым такси шақыртып, оларды үйге көтеріп алып кіреміз.
Ішім өсе бастағалы жұмыс істеу маған қиын болып барады. Үйге келгенде аяқ-қолым ісіп кетеді. Қақсайтыны да бар. Жұмысқа шыққым-ақ келмейді. Алайда, күйеуімнің тапқаны түкке жетпейді. Босанған соң онсыз да үйде отыруыма тура келеді ғой", – дейді ол.

Ақботаның сүйіктісі Қарақалпақстан азаматы болып шыққан. Қазақстан азаматтығын әлі алмаған. Соған байланысты оны ұстап алып, қамап қоя беретін көрінеді. Тексерушілер келсе, ол жолдасын үйге жасырып әуре болатынын жеткізді.

"Жолдасымның ешқандай жаман әдеті жоқ. Жанұясын асырау үшін барын салып жүр. Әйтеуір тығылып жұмыс істесе де, ақша табуға барынша тырысады. Біреулер мені "өзге ұлт өкілінің етегінен ұстады" деп жазғыратын да шығар. Бірақ жолдасым жақсы азамат.
Біз отбасын құрғанымызға осымен төрт жыл болған шығар. Сол аралықта ол маған қол көтеріп, мінез көрсеткен емес. Еңбекқор, қолынан бәрі келеді. Тәрбиесі де жақсы. Басында қазақ екен деп ойлағаным рас. Десе де оған тұрмысқа шыққаныма еш өкінбеймін" , - деп ағынан жарылды Ақбота.

Алматылық келіншектің айтуынша, жолдасын былтыр қамап қойған. Нәтижесінде, қарызға ақша тапқан келіншек оны бостандыққа шығарып алған.

"Үйге миграциядан адамдар келгенде күйеуіме дереу тығылуын немесе қашуын ескертемін. Оны ұстап алса, жал­ғыз өзіме күн көру қиын болары сөзсіз. Кейде тексерушілер келгенде ажырасып кеткенбіз деп өтірік айтуыма да тура келеді.
Жолдасым осыған дейін Алматыға келіп-кетіп жұмыс істеп жүрген. Сөйтіп жүргенде мұны депортациялап, Қазақстаннан кетуге 5 күн уақыт берген. Әке-шешесі мен қарындасы үйсіз қалған соң, осында жүріп жер сатып алуға ақша жинауым керек деп еліне қайтпай қалды.
Біз үйленгелі бері Қазақстаннан мүлдем шыққан жоқ. Өзі біздің елдің азаматтығын алып, Алматыда қалғысы келеді. Өйткені Қарақалпақстанда күн көру өте қиын.
Қазір азаматтық ала алмай қиналып жүр. Барлығы ақшаға келіп тіреліп тұр. Оған әзірге шамамыз жетіңкіремей жатыр. Оның үстіне бұл ауылына барып, тіркеу­ден шығып келуі үшін біраз уақыт керек екен. Ол кетсе балалармен жалғыз өзім қиналып қалайын деп тұрмын", – дейді Ақбота.

Бүгінгі күні бұл отбасыны қинап тұрған басты мәселе – азаматтық алу. Олар шешімі табылса, жатпай-тұрмай жұмыс істеуге даяр екендіктерін айтты.

"Жолдасым мүлде жалқау емес, бізді өл­тірмейді. Бағады. Мен де қарап жатпаймын, барлық жұмысты алып кете аламын. Бірақ емін-еркін, ешкімнен қорықпай-қашпай өмір сүргіміз келеді. Тек осы құжат жағын дұрыстап алсақ болғаны. Мен босанған соң жолдасымның жұмыс­қа жалғыз шығуына тура келеді. Ол кезде не істейтінімізді білмейміз", – дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1780953-almatyda-sinsi-balasyna-aagy-auyr-kelinsek-kn-suykta-klik-zuyp-kneltude/