Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қайтып келген қайын әпкесінің қорлығынан шаршаған келін жан сырын ақтарды

Опубликовано:

Қызылорда қаласының тұрғыны Самал қайын әпкесіннен көрген қорлығын айтып, жан сырымен бөлісті. Келіншектің айтуынша, қайын апасы күйеуінен ажырасып, ата-анасының қолына қайтып келгелі, отбасының берекесі кеткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото:zygmantovich.com
Фото:zygmantovich.com: Instagram

Самал (ред. ескретпе кейіпкердің есімі өзгертілген) күйеуі мен үлкендердің сөзін құлағына да ілмейтін отыздан асқан әйелдің қорлығынан шаршаған.

"Бүгінгі күні үйім мен отбасымды тастап қашуға дайын отырмын. Былай өмір сүру мүмкін емес. Мен ата-енеммен бірге тұрамын. Осыдан алты жыл бұрын босаға аттаған едім. Бүгінде екі баламыз бар. Күйеуім үйдің жалғыз ұлы, алдында екі әпкесі бар. Екеуі де өз алдына тұрмыс құрып кеткен еді. Алайда, ең үлкен әпкесі осыдан бір жарым жыл бұрын күйеуімен ажырасып, үйімізге көшіп келді", - деп бастады әңгімесін жас келіншек.

Самалдың айтуынша, қайың әпкесі енесімен жиі жанжалдасып қала берген екен. Осының салдарынан ол үш баласын жетектеп, төркініне кетіп қалған. Үлкен үйге көшіп келген келіншек, бірнеше бөлмені иемденіп алған. Артынан күйеуі қанша мәрте келсе де, соңынан еріп кетпепті. Бұл жағдай жақындарының мазасын қашырып, жүрегін ауыртып отыр.

"Қайың әпкемнің күйеуі сол үйдің кенжесі. Ол кісі ата-анасын тастап ешқайда кете алмайтыны белгілі ғой. Осыны қайың әпкем түсінбейді. Бөлек шығайық деп талап қояды. Баста азаматы жиі келіп тұратын, үйіне алып кеткісі келетін еді. Соңғы уақытта бой көрсетпейтін болды. Балаларына қажетті дүниелерді туыстары арқылы беріп жіберіп жүр. Жақында сотқа ажырасуға арыз берді", - дейді Самал.

Жас келін қайын әпкесі төркініне көшіп келгелі мазасы қашқанын жасырмады.

Отыздан асқан әйел үйдің шаруасына араласып қана қоймай, келінінің істеген ісінен мін іздеп отыруды әдетке айналдырған. Осының кесірінен бүгінде келіншектің енесімен қарым-қатынасы да бұзылыпты.

"Пісірген тамағымды ұнатпай, қабағын түйіп отырады. Шұқылап, балаларына бөлек жасап береді. Үйді жинап болып жатсам, артынан қайтадан шаңсорғышпен жүреді. "Сен үйді дұрыс жинамайсың, салақсың" дейді. Осы уақытқа дейін менің істеген тірлігім ата-енемнің көңілінен шығып келді. Қазір ол кісілер де маған тиісетін болып жүр.
Бір күні кір жуып, далаға жайып қойған едім. Сәлден соң қарасам, киімдерді су күйінде жинап, үйге әкеліп қойыпты. Мені "кірді дұрыс жуа алмайды" деп отыр. Мұндай қорлыққа төзу мүмкін болмай жүр. Үш баласы өте бұзық. Жинаған үйіңнің күл-талқанын шығарады. Оларға ескерту жасасаң, өзіңе ұрысып береді", - дейді күйінген келіншек.

Самалдың айтуынша, қайын апасы ерлі-зайыптылардың да арасына түсуге кіріскен. Жуырда інісінің балалары мүлдем өзіне ұқсамайтынын айтып, жанжал шығарыпты.

"Балаларың әкесіне ұқсамайды. Кімнен туғаныңды кім біледі?" деп тиісуді шығарды. Бұл деген тіпті сорақылық қой. Күйеуімнің маған берген ақшасын санап отырады. Өзімнің туыстарыма ақша беріп жібереді деп ойлайды. Мен ақталудан қатты шаршап кеттім. Үйдегі жағдай балаларыма да әсер етіп жүр. Олар жиі ауырып, мазасыздана береді.
8 наурыз мерекесінде күйеуім гүл сыйлаған еді. Ақырында сыйлығымды қоқысқа лақтырды. Әрі қарай бірге өмір сұру мүмкін емес. Кейбір кезде ол кісіні қатты аяп кетемін. Қайын әпкемнің күйеуін сағынып жүргенін білемін", - дейді жан сырын ақтарған қызылордалық келіншек.

Сөзін қорытындылай келе, Самал қайын апасының күйеуімен қосылып, үйлерінен көшіп кетуін Алладан сұрап жүргенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1785328-kajtyp-kelgen-kajyn-pkesini-korlygynan-sarsagan-kelin-zan-syryn-aktardy/

pixel