Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Армандары көп еді": Тікұшақ апатынан қаза болған ақтөбелік майор жайлы туысы айтып берді

Опубликовано:

Ақтөбе облысының тумасы майор Данияр Қоңырбайдың артында үш баласы қалды. 34 жастағы әскери қызметкердің балаларының алды мектепке барса, кішкентайы әлі емізулі бала. Қайғыдан қан жұтқан туыстары жерлеу рәсіміне дайындалып жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тікұшақ апатынан қаза болған майордың әйелі емізулі баласымен жесір қалған
Фото: NUR.KZ: Twitter
"Даниярдың денесі әлі келген жоқ. Оны таба алмай жатыр деп естідік. Оның отбасы қазір жұмыс бабымен Ақтау қаласында тұрып жатқан болатын. Бүгін Даниярдың келіншегі Ақтаудан ұшып келді.
Жаңа ғана ауылдағы ата-енесінің үйіне апарып тастадым. Қазір біз жерлеу рәсіміне дайындалып жатырмыз. Сырттан туыстар келіп жатыр. Біз болып жатқан хабардың барлығын интернеттен оқып отырмыз.
Қаралы хабарды да интернеттен бірінші көрдік. Қаза болғандардың тізімінен Даниярдың атын оқыдық. Армандары көп азамат еді, қайтейін", - дейді марқұмның туысы Қуантай Тусин.

Данияр Қоңырбайдың туған жері Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылы. Марқұм төрт ағайынды. Үйінің екінші баласы екен.

"Ол 18 жасында ұшқыштар институтына түскеннен бастап сол салада жүр. Осыған дейін Талдықорғанда жұмыс істеді. Тек соңғы жылдарда Ақтау қаласына ауысқан болатын. Болашақта жұмысымды Ақтөбеге ауыстырғым келеді деп армандап жүретін. Өзім онымен үш күн бұрын ғана телефонмен сөйлестім. Одан кейін тек қаралы хабар келді", - дейді туысы.

Бүгін Ақтөбедегі Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында қаза болғандарды еске алу шарасы өтті.

"27 наурыз күні тіркелген қайғылы жағдайға қатысты қаза болған ұшқыштардың туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Бүгін қаза болғандарды еске алуға арналған митинг өткізілді. Қаза болғандардың жақындарына материалдық көмек көрсетілетін болады.
Бес жылдық еңбекақысы төленіп, тұрғын үйге өтемақы беріледі. Сонымен қатар, қорғаныс министрлігі жерлеу рәсімінің толық шығынын өтейтін болады", - деді Т. Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтының басшысы Әлім Ибраев.

Естеріңізге сала кетейік, 27 наурызда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында бортында 13 адам бар тікұшақтың апатқа ұшырғаны хабарланды.

Ал бүгін таңертең, Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасап, тікұшақта болған 13 адамның барлығы қаза тапқанын хабарлады.

Тікұшақта қаза тапқан кісі сержант Асхат Абдулманаттың артында кәмелетке толмаған төрт баласы қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1785733-armandary-kp-edi-tiksak-apatynan-kaza-bolgan-aktbelik-major-zajly-tuysy-ajtyp-berdi/

pixel