Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талдықорғандық ару отбасылы дәрігерге ғашық болып, қыр соңынан қалмай қойған

Опубликовано:

Талдықорғандағы ауруханалардың бірінде ем алған бойжеткен өзінің дәрігеріне ғашық болып қалған. Науқас қыз азаматтың отбасылы болғанына қарамастан, сезімін білдіріп, сөз салған екен. Алайда ақ халатты абзал жан нәзік арудың бетін қайтарған. Ерекше оқиға туралы KAZ.NUR.KZ сайтының редакциясына аталмыш емдеу мекемесінде еңбек ететін медбикелердің бірі әңгімелеп берді.

Талдықорғандық бойжеткен отбасылы дәрігерге сезімін білдірген
Көрнекі фото: rosonco.ru: Twitter

Сәуле есімді келіншек ауруханада мұндай жағдайдың жиі орын алатынын жасырмайды.

«19 жастағы Жадыра (есімі өзгертілген) ауруханамыздың травматология бөлімінде жатты. Жас қыз құлап, аяғы мен қолын жарақаттап алған. Диагнозы ауыр болғандықтан, емдеу мекемемізде біраз уақытқа дейін болды.

Қанат есімді дәрігеріміз науқасты өз бақылауына алып, ем жүргізді. Жадыра өте сыпайы, әдепті әрі өте сұлу қыз екен.

Жарақатына жанына батып жүрсе де, бізге білдірмеуге тырысатын», - дейді мейірбике.

Жас қыздың дәрігеріне деген сезімі пайда болғанын аурухана қызметкерлері бірден байқаған екен. Ақ халатын киіп, қағазын жазып отыратын азаматқа бойжеткен көзінің астымен қарап отыруды шығарыпты.

Қанат келе жатқанда Жадыра үстіндегі киімін жөндеп, шашын ретке келтіретін болған. Дәрігер келмей қалған күні қызметкерлерден себебін сұрап жүреді екен.

«Бір күні ол екпеден кейін, ұялып отырып, менен Қанат туралы сұрады. Дәрігердің отбасылы азамат екенін, баласы барын айттым.

Бұдан кейін жас қыздың көңіл-күйі түсіп кеткенін бірден байқадым. Бұрыңғыдай дәлізге шығып, көпшілікпен араласпайтын болды.

Емі толық аяқталмаса да, ауруханадан ертерек қолхат жазып шығып кетті.

Біз барлығымыз науқас қызды іштей аяп жүрдік. Дәрігеріміз де Жадыраның сезімі туралы біліп қойыпты. Алайда ол әйеліне адал болатын», - дейді талдықорғандық келіншек.

Арада біраз уақыт өтіп, аурухана қызметкерлері Жадыраны ұмыта бастаған. Бірақ жас қыз емдеу мекемесіне қайтадан қаралуға келіпті.

Өзінің дәрігеріне деген сезімі өшпесе керек, сол күні бойжеткен көпшіліктің көзінше Қанатқа сезімін білдіріп, отбасы болғанына қарамастан, бірге болуды армандайтынын айтқан.

Мұндай ашық әңгімеге дайын болмаған азамат біразға дейін жұмысқа шықпай қалыпты.

«Сол күні Жадыраға деген көзқарасымыз түбегейлі өзгеріп кетті. Жап-жас қыз өзін сонша төмендеткеніне таңғалдық.

Оның үстіне бұл әңгіме дәрігердің әйеліне де жетіпті. Қанат біраз уақыт жұмыстан сұрануға мәжбүр болды. Оқиғаның ұмытылғанын күткендей.

Кейін жас қыздан әрең құтылғанын айтып, ағынан жарылды»,- дейді Сәуле.

Медбикенің сөзіне қарағанда, Жадыра біраз уақытқа дейін дәрігердің мазасын алыпты.

Ұялы телефонына беймезгіл уақытта хабарласып, түрлі хабарламалар жіберіп отырған. Тіпті құрбысымен бірге Қанатты жұмысынан кейін аңдып, әйелімен тілдеспекші болған.

«Қанат Жадырамен оңаша отырып, сөйлескен екен. Бұны біз кейін білдік. Балаларының суретін көрсетіп, жас қыз үшін отбасын тастап кетпейтінін айтқан.
Әзірге ол дәрігерімізді мазалап жүрген жоқ. Оқиға осымен аяқталды деп үміттеніп жүрміз», - дейді кейіпкеріміз.

Аурухана қызметкерінің сөзіне сенсек, науқас пен дәрігердің арасында мұндай қарым-қатынастар жиі орын алады екен. Бұған ақ халаттылардың әрбір емделушіге айрықша көңіл бөлуі себеп болатын көрінеді.

Жуырда емдеу мекемесіндегі дәрігер қыздың бірі өзі емдеген жігітке тұрмысқа шығыпты.

Мұндай мысалдар өте көп екен. Бірақ Жадыра секілді дәрігердің соңына түсіп, берекекесін қашырғандар кездеспепті.

«Жалпы, дәрігерлер науқастармен өте сыпайы сөйлесуге тырысады. Кейбір жанына жылылық жетпей жүрген жандар бұны керісінше түсініп жатады.

Дәрігер өзін ұнатып қалды деп ойлап қалатын қыздар бар. Әрбір науқастың жағдайы біздер үшін маңызды.

Егер де сіздің жақыныныз ауруханаға жатса, оған көп көңіл бөлуді ұмытпау керек», - дейді талдықорғандық мейірбике.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1786897-taldykorgandyk-aru-otbasyly-drigerge-gasyk-bolyp-kyr-soynan-kalmaj-kojgan/

pixel