Алматыдағы актриса өлімі: Ілияс Карға қатысты іс сотта қайта қаралды
Опубликовано:
Өткен жылдың соңында Алматыда жантүршігерлік жол апаты болып, үш адам өмірден өткен болатын. Оның бірі елімізге танымал актриса Шолпан Елгезекова болса, аман қалған жалғыз куәгер отандық актриса Айзада Сатыбалдиева еді. Үш адамды мерт қылған жүргізуші Ілияс Кардың аппеляциялық шағымы сотта қайта қаралды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Алматы қалалық соты осыған дейін кесілген үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Жол апатынан үш адам: жекеменшік такси жүргізушісі Қанапия Бақытнұр, актриса Шолпан Елгезекова мен оның құрбысы Динара Хамитова қаза болды.
Жантүршігерлік апаттан актриса Айзада Сатыбалдиева ғана тірі қалып, екі ай бойы ауруханада жатты. Ілияс Кар жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен.
Іс материалдарына сүйенсек, ол келесі күні полицияға өзі берілген. Тергеу деректерінде жол апатына кінәлі бір тәуліктен соң ұсталғаны, медициналық сараптама жүргізіліп, оның рөлге арақ ішіп отырғаны анықталғаны айтылады.
Осылайша ақпан айының соңында сот Ілияс Карды жол апатына кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Соттың бұл үкімімен сотталушы да, оның адвокаты да келіспейді. Сотталушының айтуынша, ол спирттік ішімдік мүлде тұтынбайды, өйткені дәрігерлер бірнеше жыл бұрын оған обыр дерті диагнозын қойыпты.
Қос тараптың келтірген барлық дерегін тыңдаған Алматы қалалық сотының апелляциялық комиссиясы Ілияс Кардың үкімін өзгеріссіз қалдырып, ал адвокатының өтінішін қанағаттандырмады.
Сотта Ілияс Кардың барлық зардап шегушіге материалдық шығынды өтегені де айтылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1787974-almatydagy-aktrisa-limi-ilias-karga-katysty-is-sotta-kajta-karaldy/