RU

Автобуста аяғын сындырған алматылық қыздың ем-домын кім өтейтіні белгісіз

Алматы тұрғыны Мереке Сұраншиева отырған автобус жауын суы ағатын арық қақпағы көліктің еденін тесіп, бойжеткеннің аяғына темір кесегі кіріп кеткен. Есін жинаған жәбірленуші қыз оқиғамен бөлісті деп хабарлайды КТК арнасы.

"Аяғына қақпақтың сынығы кіріп кеткен": автобуста аяғын сындырған алматылық бойжеткен мән-жаймен бөлісті
Фото: Видеодан скриншот Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Facebook

Мереке Сұраншиева 65-ші бағыттағы автобуспен әдеттегідей жұмысына бара жатқан. Құлағына құлаққап тағып, бейқам тұрған бойжеткен алғашында не болғанын түсінбей қалған.

"Бір нәрсе соғылды екен деп ойладым. Жан-жағыма қарасам, адамдар қаша бастады. Мен де қашайын десем, тізерлеп отыр екенмін. Орнымнан тұра алмаймын. Сүйретіліп тұрғанымда, ар жағынан әйел адам келіп көмектесті", - деді Мереке Сұраншиева.

Ойда жоқта ауруханаға түскен бойжеткен емін толықтай өтеп беруді талап етуде. Себебі облыстық ауруханаға жеткізілгеннен кейін оған дереу ота жасау керектігі айтылған. Қазіргі таңда жағдайы орташа болғанымен, аяғын нық басып кетуі үшін кемінде екі-үш ай ем қабыддау қажет екен. 

"Қазір науқасқа үлкен балтыр сүйегіне операция жасалады. Жағдайы орташа ауыр. Бізде он он бес күндей жатады",- деді бөлім меңгерушісі дәрігер травмотолог Елбол Телман.

Ал автопарк басшылығы апатқа ұшыраған қоғамдық көлік ақпан айында ғана 45 миллион теңгеге сатып алынғандығын айтып, оқиғаның орын алуына коммуналды қызметті кінәлап отыр. Жүргізушінің де 20 жылдан астам еңбек өтілі бар екендігін атап өтті.

Олар енді коммуналдық мекемені сотқа беруді көздеп отыр. 

"Коммуналшылардың кінәсі. Бұл люктарды ешкім қарамайды. Шығынды өндіру үшін сотқа береміз", - деді «Авто Алма-Транс» ЖШС қаржы директоры Асылбек Мажитұлы.

Зардап шеккен бойжеткенге шығындар сот шешімі шыққаннан кейін ғана өтеледі.

Қала әкімдігі болса, өз тексерістерін бастап кетті.

"Қазіргі таңда бұл оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды. Енді сараптама жүргізілетін болады. Ал, жарақат алған қызға медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін өтемақы төлейміз. Оның құны нақты қанша болатыны әзірге белгісіз", - деді Алматы қаласы мобильдік басқармасының бөлім басшысы Нұрзат Ордабаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1792254-avtobusta-aagyn-syndyrgan-almatylyk-kyzdy-em-domyn-kim-tejtini-belgisiz/