Шымкентте үш жасар қыз бала бензин ішіп қойған
Опубликовано:
Шымкент қаласында ата-анасының қарауынсыз қалған үш жасар бүлдіршіннің бензин ішіп қойғаны анықталды. Шымкенттік ақ халаттылар ауыр халде жатқан қыз баланың өмірін аман алып қалды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Балақайды жедел жәрдем қызметі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізді.
Бүлдіршіннің ішкі ағзасы қатты зақымданғанын байқаған мамандар оны шұғыл түрде Шымкент қаласындағы Гипербариялық оксигенация орталығына жеткізген.
Бензин ішіп қойған үш жасар қыз баланың ішкі ағзасын қатты күйік шалғандықтан, дәрігерлер оны дереу жансақтау бөліміне жатқызып, назогастральді зонтпен асқазанын шайған.
Балақайды аман алып қалу үшін дәрігерлер барын салып, екі күн бойы реанимациялық емдеу шараларын шұғыл түрде жүргізіп тұрған.
"Нәтижесінде үш жасар қыз баланың жағдайы жақсарып, үшінші күні жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Бір аптаға жуық балақай ауруханада ем алып, жағдайы жақсарған соң анасымен бірге үйіне шығарылды. Қазір бүлдіршін жергілікті емханадағы дәрігерлердің бақылауына алынған", - деп мәлімдеді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1793113-symkentte-s-zasar-bala-benzin-isip-kojgan/