Рамазан айында кімдерге ауыз бекітуге болмайды?

Опубликовано:

Дәрігерлер рамазан айында бүйрек және эндокриндік ауруы бар науқастардың ауыз бекітуіне кеңес бермейді. Себебі науқастың дерті асқынып кетуі мүмкін. Қасиетті айда тағы кімдерге ораза ұстауға болмайды? Бұл сұраққа № 7 қалалық клиникалық ауруханасының хирург-дәрігері Рахманберді Қалымбетов жауап берді деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.

Көрнекі фото: tumba.kz
Көрнекі фото: tumba.kz: Facebook

Дәрігердің айтуынша, кейбір науқастарға мүлде ауыз бекітуге болмайды.

"Ораза ұстаудың адам ағзасына тигізетін пайдасы зор. Дегенмен, кей науқастарға ораза ұстауға мүлдем рұқсат етілмейді. Ол – жүрек-қантамыры аурулары, бүйрек аурулары, көптеген эндокриндік аурулар, онкологиялық аурулар, жүйке жүйесі бұзылған науқастар, жүктілік, операциядан кейінгі жағдайлар.
Әсіресе, ағзасын ауыстырған науқастарға ораза ұстауға мүлдем рұқсат етілмейді. Мәселен, қан қысымы жоғары науқастар күні бойы су ішпесе, қаны қоюланып, инсульт, инфарктқа ұласуы мүмкін. Бірақ соған құлақ аспастан науқастар ораза ұстап, артынша бізге ауруханаға түсіп жатады", - дейді дәрігер.

Сондай-ақ, дәрігер ораза ұстаған жандарға өз кеңесін айтты.

"Сәресін ішкенде құрмамен және аздап су ішкен абзал. Кешке ауызашарда да алдымен құрма мен су ішіп, шамалы уақыт өткеннен кейін барып жеңіл-желпі тамақтанған жөн. Көкөністер, майсыз, қуырылмаған, белоксыз, көмірсусыз тағамдар дұрыс. Ал қимыл-қозғалысқа келетін болсақ, мүлдем жатып қалуға болмайды.
Себебі, қимылдамасақ организмде шлактар көбейіп, адамдарға кері әсерін тигізеді. Яғни, басы айналады, жүрегі жиі соғып, әлсіздік пайда болады. Күнделікті еңбегін жасап жүрсе болады", - дейді Рахманберді Қалымбетов.

Дереккөз: "Алматы" телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1794252-ramazan-ajynda-kimderge-auyz-bekituge-bolmajdy/