Қызылорда облысында үшем дүниеге келді
Опубликовано:
Қызылорда облысының Шиелі ауданында тұратын Жандос Мақатаев пен Жазира Ертаеваның отбасында бірінші мамыр күні үш бірдей қыз бала дүниеге келді. Оларға Айбибі, Айша және Ақнұр деген есім берілді деп хабарлайды Сыр бойы газеті.

Облыстық перинаталды орталықта аман-есен нәрестелерін дүниеге әкелген Жазира екі аптадай ауруханада жатты.
"Жүктіліктің 12 аптасында кезекті УДЗ-ға түстім. Сонда маған құрсағымда үш бала бар екенін айтты. Жолдасым екеуміз сенер-сенбесімізді білмедік, бірақ Алланың берген сыйы ғой, қатты қуандық", - деді ол.
Жазира жүктіліктің 35 аптасында ота арқылы босануына тура келгенін жеткізді.
Оның сөзінше, алғашқы екеуі екі келіден асып, үшіншісі екі келіге жетпей өмірге келіпті.
Бақытты ана Айару есімді 3 жастағы қызына үш бірдей сіңлі сыйлағанына қуанышты екенін алға тартты.
Халықаралық "Отбасы күні" мерекесіне орай үшемдер салтанатпен үйлеріне шығарылды.
Шиелі ауданы әкімдігі мен ауданаралық аурухана сәбилерге қоларба сыйласа, облыстық перинаталды орталық атынан киім-кешектер жиынтығы тарту етіліпті.
Шиелі ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиеваның айтуынша, бұл ауданда соңғы он жылда дүниеге келген алғашқы үшем екен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1794289-kyzylorda-oblysynda-sem-dniege-keldi/