Ішкі істер министрі Атырау облыстық ПД бастығын қызметінен босату туралы ұсыныс енгізді
Опубликовано:
Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаевты лауазымынан босату туралы Қазақстан президентіне ұсыныс жіберуге шешім қабылдаған. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ІІМ Тәртіптік кеңесі төрағалығымен Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы А.С. Дүйсембаевқа қатысты қоғамдық резонанс туғызған факті бойынша аталған өңірге министрдің орынбасары А. Калайчиди бастаған ІІМ арнайы комиссиясы жіберілген.
Комиссия А.С. Дүйсембаевтың қызметтік әдеп тәртібін бұзушылығын анықтаған қызметтік тексерудің қорытындысын қарады.
"Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша ішкі істер министрі А.С. Дүйсембаевты атқарып отырған лауазымынан босату туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне ұсыным енгізу жөнінде шешім қабылдады", - делінген министерлік хабарламасында.
Сонымен қатар, Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция майоры С.А. Қалиев орнынан босатылып және бірқатар лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ, министрдің орынбасары жеке құраммен қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселесі бойынша жедел кеңес өткізген.
Еске сала кетсек, желіде Атырау облысы Полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсембаев бейнеленген видео тараған болатын.
Бұған қатысты ІІМ пікір білдіріп, қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облыстық Полиция департаменті басшысы Аян Дүйсембаевтың әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды.
Полиция басшысына сыйлық тарту еткен ауыл тұрғындары оны жақтап петиция жазған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1794559-trgymbaev-atyrau-oblystyk-pd-bastygyn-kyzmetinen-bosatudy-srady/