Сүйгенінің опасыздығын кешіре алмаған ару той алдында қызметтесін сүйіп қалған
Опубликовано:
Бірнеше жылдан бері кездесіп жүрген жігітінің опасыздығын білген елордалық бойжеткен жан сырын ақтарды. Оның сөзінше, осыдан бір жыл бұрын сүйіктісі оны басқаға айырбастап кеткен деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бойжеткеннің айтуынша, жігіт өзгені сүйіп қалғанын өз аузымен айтқан. Сүйіктісін күштеп ұстағысы келмеген ару оны қимастықпен жібергенін де жасырмады.
"Бір жыл бұрын жігітімнің менің көзіме шөп салып жүргенін білдім. Өз аузынан естідім. Маған айырылысқысы келетінін, өзі сүйген адамымен болғысы келетінін айтып, бұрылып кетті. Сүйіктімді жібермеске амалым болмады. Сүйгендер бірге болу керек деп ойладым. Жігітімнің басқаның жанында күліп жүргенін көре алмай, қатты қиналдым. Тіпті, нөмірімді ауыстырып, оның өмірінен жоқ болып кеттім", - дейді кейіпкер.
Жігіт өз кезегінде нағыз махаббатының үнемі жанында жүргенін түсініп, араға бірнеше ай салғанда аруға қайта оралған. Бойжеткеннің сөзінше, ол сүйіктісін кешіргенімен, іштегі жарасы жазылмаған.
"Алайда араға үш ай салып, мені құрбыларым арқылы іздей бастады. Кешірім сұрап, қателескенін, ол қызды емес, мені сүйгенін айтып ақталды. Мен оған сене алмадым. Артымнан қоярда қоймай жүріп алды. Не де болса мен оны сүйдім. Сондықтан кешіруге тура келді. Бірақ оған қайта қосылғаныммен жүрегімдегі сызат кетпеген еді. Оның бұрылып кеткен кездері көз алдымда ойнақшып тұрып алатын", - дейді ол.
Отбасылы болуға бел буған қос ғашық той күнін де белгілеп қойған. Алайда ару жұмыстағы қызметтесін ұнатып қалған екен.
"Биыл некемізді қидыртатын болып шештік. Тұрмысқа шыққым келеді дей алмаймын. Бірақ ерте ме кеш пе бәріміз отбасын құрамыз. Сол себепті жігітімнің бетін қайтармадым. Алайда тойға небәрі бірнеше ай қалғанда мен басқаны ұнатып қалдым. Ол - менің қызметтесім. Бір көргеннен ғашық болдым.
Оның да менде көңілі бар секілді. Менімен тілдескісі келіп тұрады, маған тәттілер әкеліп, үйге дейін шығарып салады. Оны ертерек кездестірмегеніме өкінемін. Тойға да бәрі дайын. Шырқын бұзсам, ата-анамды жерге қаратамын. Бірақ жүрекке әмір жүрер емес", - дейді ару.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1796338-sjgenini-opasyzdygyn-kesire-almagan-aru-toj-aldynda-kyzmettesin-sjip-kalgan/