"Шала ұйымдастырылды": Арман Шораев облыс әкіміне "сәлем" жолдады
Опубликовано:
Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев кейбір облыстарда қазақ күресіне жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілмей жатқанын айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Шораев қазақтың төл спортына тиісті көңіл бөлінбей жатқан өңірлердің бірі Қостанай облысы екенін атап өтті. Ол аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовке "сәлем" жолдады.
"Кейбір облыстарда қазақ күресі дамыған. Ал кейбір өңірде оның деңгейі қуантпайды. Жарыс өте шала ұйымдастырылған. Мысалы, биыл Қостанай облысында "Қазақстан барысына" балуандарды іріктеу өте төмен деңгейде өтті. Сол облыстың әкімінің "құлағына алтын сырға", - деді федерация президенті.
Ол Қызылорда, Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында іріктеу турнирі жақсы ұйымдастырылғанын, онда мықты балуандардың көп болғанын тілге тиек етті.
Айта кетейік, биыл "Қазақстан барысы" 8 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласындағы "Барыс Арена" мұз сарайында өтеді. Оған еліміздің 14 өңірі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және әскери құрылымдардан іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады. Жарыстың жүлдеқоры – 41 миллион теңге. Жеңімпаз балуан 25 миллион теңгеге ие болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1796739-sala-jymdastyryldy-arman-soraev-oblys-kimine-slem-zoldady/