Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өнер иелері анасының аяғын сүйген сәтін жария етті: Дін мамандары жауап берді

Опубликовано:

Әлеуметтік желіде отандық әншілердің анасының аяғын жуып, кейін сүюі және соны бір-біріне эстафета ретінде жолдауы кеңінен таралды. Күні кеше ғана танымал журналист Мәди Манатбек сондай видеоны көпшілікке жария еткен белгілі өнер жұлдыздарын қатаң сынға алды. Осыған сәйкес kazislam.kz порталы елімізге белгілі дін мамандарынан аталған мәселеге байланысты пікір сұрады.

Төреғали Төреәлі. Фото: Видеодан кадр. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Төреғали Төреәлі. Фото: Видеодан кадр. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Facebook

Анкара университеті Ислам тарихы мамандығының PhD докторы, белгілі дінтанушы Балғабек Әбдікайымұлының пікірінше, әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатқан эстафетаның ешқандай да айыптайтын жері жоқ екен.

Ол бұл жерден екі жақсы нәрсені көретінімізді атап өтті.

"Біріншісі – әрбір баланың өзінің анасының аяғын жуып, табанын сүюі – анасына деген ерекше құрмет! Екіншіден, ана мен баланың арасындағы жақсы сүйіспеншіліктің көрінісі", - деді Балғабек Әбдікайымұлы.

Дінтанушы мұны қоғамға ой тастайтын, ерекше, жақсы бастама деп қабылдайтынын алға тартты.

Оның айтуынша, екінің бірі бұлай жасап жатса, нұр үстіне нұр болады.

"Анасының аяғын жуып, оны сүйіп жатқан бала ешқашан оны ренжітпейді, қарсы келмейді, өкпелетіп, жаман сөз айтпайды. Қазіргі ананың балаға, баланың анаға мейірімі жоғалып бара жатқан кезеңде өнер адамдарының мұндай бастамасы Құран мен хадистің дәстүрін жалғастырып келе жатқан игі бастама деп білемін", - деді Балғабек Әбдікайымұлы.

Нұр-Мүбарак университеті Исламтану кафедрасының PhD докторы, Асқар Әкімханов та осыған байланысты өз ойын қосты.

Дінтанушы мұндай видеоның әлеуметтік желілерде тарап жатқанын естігенін, бірақ толықтай қазір көріп тұрғанын жеткізді.

Ол мұны діни формализм ретінде қабылдағанын алға тартты.

Асқар Әкімханов анаға деген құрметті видеоға түсіріп, желі арқылы жарнамалаудың қажеті жоқ деп ойлайтынын да жасырмады.

"Әрине ол кісілерге кішіпейілдік танытып, қызмет етіп, разылықтарын алу арқылы жәннатқа кіре аламыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жәннатқа баратын жолды осы хадис арқылы көрсетуде. Ал анасының аяғын жуу ол жеке адамның ісі. Оны жуып, сүйгенде әлбетте ол адам сауап алады. Бірақ халық алдында оны жария ету артықтау сияқты", - деді ол.

Тарихшы-дінтанушы Жарас Ахан анасын құрметтейтінін әдейі түрде жария ету - бұл формализм екенін ашып айтты.

"Егер олай еткісі келмей, басқа біреу оқыста түсіріп алса, не болмаса анасына деген құрметі өзінің қатысынсыз жария етілсе немесе басқа біреудің сөзімен тараса оның құндылығы артар еді", - деді ол.

Тарихшы-дінтанушының сөзінше, пенде өзі сүйген, жүрегінде аялап ұстайтын сүйіспеншілігін сыртқа жария еткісі келмейді.

"Видеодағы әншілер аналарына деген бұл әрекеттерін күнде істемейтіні белгілі деп ойлаймын. Күнде істейтін адам ол сүйіспеншілікті жария етпеген болар еді. Бізде діни құндылықта болсын, рухани құндылықта болсын формализм көбейіп кетті. Қажылықтың өзін бізде селфилетіп, формализмге апара жатыр. Қажылықты қыдырудың көрінісіне айналдырып жіберді", - деп сөзін түйіндеді Жарас Ахан.

Еске сала кетсек, осыған дейін Төреғали Төреәлі желіге анасының аяғын жуып, сүйген видеосын жүктеген болатын.

Сондай-ақ KAZ.NUR.KZ анасының аяғын сүйіп, желіге жүктеген әншілердің тізімін де жариялады.

Осыған сәйкес, белгілі журналист Мәди Манатбек өнер иелерін сынға алған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1796842-anasyny-aagyn-sjgen-stin-zaria-etken-nsilerdi-reketine-din-mamandary-zauap-berdi/

pixel