Күйеуін келінінен қызғанған ақтөбелік әйел жалғыз ұлының отбасын ойрандады

Опубликовано:

Ақтөбе облысында күйеуін келінінен қызғанған ене жалғыз ұлының отбасын ойрандады. Бұл туралы жұбайы ішкілікке салынған соң ажырасуға бел буған Майра есімді келіншек "Алаш айнасына" айтып берді. Қазір басқа үйдің түтінін түтеткен әйелдің бала-шағасы, өзін сыйлайтын сүйікті жары бар. Алайда, ол әлі күнге дейін алғашқы жұбайы Маратты ойлап жүр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: u-f.ru
Көрнекі фото: u-f.ru: Twitter

Келіншектің айтуынша, ол күйеуінен бұрын қайын атасымен таныс болған.

Медициналық учищені бітіріп бір аудандық ауруханаға жолдамамен жұмысқа бардым. Мені терапия бөліміне жіберді. Бөлім меңгерушісі Асқар деген кісі екен. Өте жылы қабылдады. Бөлмесіне алғаш кіргенде "айналайын қызым, келе ғой" дегенде өз әкем сияқты болып кетті", -дейді ол.

Алты айдан соң Майраға болашақ жұбайымен жүздесудің сәті түседі. Дегенмен ол сол уақытта өмірлік серігін кездестірдім деген ойдан бейхабар еді. Бірақ жігіттің өзіне деген ерекше сезімін бірден байқаған.

Жаңа жыл қарсаңында бір жігіт Асқар ағайды іздеп келді. Бірден көзге түсетін көрікті жігіт екен. Шамасы менен үш-төрт жас үлкен сияқты. Ол да маған ерекше қараған сияқты болды. Кейін білдім ,ол Асқар ағаның жалғыз ұлы, аты Марат екен. Биыл ғана институт бітіріп келген. Бөлімдегі қызметкерлердің айтуынша, ол әкесін іздеген болып, ауруханаға жаңадан жұмысқа келген қыздарды көру үшін келетін көрінеді. Арадан бір апта өткенде, Марат тағы келді. Асқар ағай жоқ болған соң күтіп отырды. Сәлден соң сөз қозғап, екеуміз таныстық. Ол маған жақынырақ танысайық, ертең досымның туған күні соған бірге барайық деп ұсыныс жасады.
Ертеңінде туған күн кешіне бардық. Марат менің қасымнан шықпады. Ешкімді маған жақындатпай жүргенін байқадым. Сол кештен кейін Марат ауруханаға жиі келетін болды.Солай екі-үш ай сырғып өтті, арамызда махаббат басталды",-деді Майра.

Уақыт өте Мараттың анасы да жұмысқа келе бастапты. Жігіттің сөзінше, екі айда Майраны 4-5 рет көрген анасы оны ұнатып қалған екен. Осылайша, жазда қос ғашық шаңырақ көтереді.

Алайда, бес-алты ай өткен соң енесі мінезін көрсетіп, келініне күн бермейді. Ал барлығына көз жұмып жүрген Майра күндердің күнінде мүлде күтпеген хабар естіп, төбесінен жай түскендей күйге енеді.

"Алғашында неге аяқ асты ондай болғанын түсінбей жүрдім. Кейіннен жұмыстағы апай ауылда мен туралы өсек шыққанын айтты. Қандай өсек деп едім, ол кісі біраз қиналып тұрды да, "сені Асқар ағамен жүреді" деген өсек тарапты дегенде, есімнен танып қала жаздадым",- деді келіншек.

Жүрегі ақ, барлық қыздарға "Айналайын, балам"дейтін қайын атасы туралы мұндай сөз естіген Майра не істерін білмей, бар шындықты енесіне айтып, өсектің жетегіне кетпеуге шақырмақ болады.

"Бір күні енеме бұл қара ниетті адамдардың ойдан шығарғаны, көре алмай қызғанатындардың ісі, оның бәрі өсек екенін айттым. Сол кездегі енемнің түрінен шошып кеттім. Түрі түтігіп, сұсты үнмен "сенің күнде атаңның көлігіне отырып, жұмысқа бірге барып, бірге қайтатындарың өтірік пе? Жоқ әлде екеуіңнің келісіп түнгі кезекшілікке бірге барғандарың өтірік пе?" деп өзіме шүйлікті. "Апа ол не дегеніңіз?» деуге ғана шамам келді. "Қаншық үніңді өшір, саған баласы аз болып, әкесіне көз салдың ба?" дегенде өз құлағыма өзім сенбедім.
Енем қалай осындай сөз айтып тұр.Апатай, ол не дегеніңіз деп айғайлап жылап жібердім. Енемнің балағат сөздерінің бірін естісем, бірін есітігем жоқ. Жылаған күйде өз бөлмеме кіріп төсекке құладым",- дейді жыларман болған әйел.

Бұл әңгімені естіген Марат анасымен де, келіншегімен де сөйлесуді доғарады. Ал араға уақыт салып, қайын атасы жол апатынан қаза табады. Күндердің күнінде Майра бұл өсекті енесі шығарып жүргенін естіп, мүлде түсініксіз күй кешеді.

Әкесі көз жұмған соң Марат ішкілікке салынып, үй көрмей кеткен. Ал жанұяның шырқын бұзған енесі бұл жағдайға келінін кінәләп, жазықсыз жазғырыпты.

"Ақыры шыдамым таусылды, бір күні Маратқа "ажырасамыз, кетемін" дедім. Ол кетсең, кете бер дегеннен артық сөз айтпады. Сөйтіп, ел қызыға қарайтын отбасымыз екі жылға жетпей быт-шыт болды. Анама бар болған жағдайды айттым. Әкем алғашында менің қайтып келгенімді ұнатпай жүрді. Кейін анам мән-жайды айтты ма, әйтеуір қаһарынан қайтты",- деп түйіндеді ол әңгімесін.

Ал қазір басқа жанұясы бар Майра Мараттың кейінгі өмірі туралы көп ойлайды. Ол шын сүйген ғашығымен арасын бұзған енесінің әрекетін әлі күнге дейін кешіре алар емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1798765-kjeuin-kelininen-kyzgangan-aktbelik-jel-zalgyz-lyny-otbasyn-ojrandady/