Қазақстанда пәтер ұрлығы 39,7 пайызға, ал тонау 22 пайызға көбейген
Опубликовано:
Пәтер ұрлығы үрейлендіріп тұр... Қоғамдық жасақшыларды көбейту арқылы пәтер ұрлығына тосқауыл қоя аламыз ба?
Осыдан біраз уақыт бұрын Ішкі істер министрлігінің көшпелі отырысында ведомоство басшысы Серік Баймағамбетов елімізде ауыр және аса ауыр қылмыстар саны төмендегенімен, есесіне ұрлық, тонау азаймай тұрғанын айтқан еді. Мәселен, тонау 22 пайызға, ал пәтер ұрлығы 39,7 пайызға көбейген. Қазір көктем келе жатыр. Құқық қорғаушылардың айтуынша, әсіресе көктем мен жаз айларында пәтер тонаушылардың нағыз жұмысының "қызатын" кезі екен.
Үй иелері жұмысқа, демалысқа кеткенде немесе демалыс күндерін саяжайда өткізетін кезде пәтер ұрлығы да көбейетін көрінеді.
Жасер СЫДЫҚОВ, Алматы қаласы Әуезов аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары:– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жасалынып жатқан қылмыстардың ең көбі – пәтер ұрлығы. Қазір біз Пәтер иелері кооперативі (ПИК) басшыларымен тығыз қарым-қатынас орнатып отырмыз. Көпқабатты тұрғын үй подъездерінің, жертөлелердің, шатырға шығу есіктерін темір есіктермен ауыстыру керектігін түсіндірудеміз. Аудандағы көпқабатты үйлердің 90 пайызында домофон бар. Құлыптардың барлығына арнайы код қойылған. Алайда пәтер ұрлығының орын алуына кейбір тұрғындардың өздері кінәлі. Белгісіз азаматтармен спирттік ішімдіктер ішеді, есік пен терезелерді ашық қалдырады. Онымен қоса, домофонмен біреулер қоңырау шалса, оның кім екендігін анықтамай жатып есікті аша салады. Осындай сақтық шараларының ескерілмеуі ұрлыққа жол ашып отыр.
Бүгінгі таңда пәтер тонаушылардың пәтерге ену тәсілдері де жыл санап заманауи сипат алып барады
Құқық қорғаушылардың айтуынша, үй иелері діни әдебиет немесе қандай да бір тауар сатушы ретінде келгендерден өте сақ болғаны жөн екен. Өйткені олар үй иесінің көңілін аулай алмаса да, пәтердің жай-күйін бақылап, есікке қандай кілт түсетінін, үйде қандай бағалы бұйымдар бар екендігін анықтайтын көрінеді. Сондықтан да бір адамның үйге қайта-қайта келіп, қоңырау шалуының арты үлкен өкінішке ұрындыруы мүмкін. Себебі қылмыскерлерге қайта-қайта қоңырау шалу ауадай қажет. Осы арқылы олар тұрғындардың қайсысы қай уақытта үйлерінде болмайтындығын анықтайды. Егер пәтер есігін осы "өкілдердің" бірі жиі қақса, онда үй иесі дереу сол ұйымға хабарласып, шынында да, осы мекенжайға өз қызметкерлерін жібергендігі жайлы ақпарат алғаны жөн.
"Әйтпесе бүгінгі таңда пәтер тонаушылардың пәтерге ену тәсілдері де жыл санап заманауи сипат алып барады. Бір кездері терезе немесе балкон арқылы, кейде тіпті есікті бұзып кіріп жүрген ұрылар қазір құлыпқа сәйкес кілт тауып, ішке енуді әдетке айналдырған", – дейді құқық қорғаушылар.Енді мұны қалай тыюға болады? Ол үшін не істеу керек?Біріншіден, қандай үй болсын арнайы күзет қызметін пайдаланғаны дұрыс. Сонымен қатар тұрғын үй маңында, аулаларда, көшелерде және өзге де орындарда жарықтандыру жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі де өте маңызды. Үйден ұзақ уақытқа кеткен жағдайда көршілерге кіреберіс есікті сүртіп отыруын, анда-санда үй ішінде шам мен теледидарды жағып, жарнама парақтары мен газеттерді пошта жәшігінен алып отыруын өтінген жөн.
Қылмыстың алдын алуға, оның ашылуына едәуір үлес қосқандары болса 30 мың теңге көлемінде сыйақы береміз
– Сондай-ақ пәтер ұрлығының алдын алудың ең бір тиімді жолы — полиция қызметіне көмек көрсететін қоғамдық жасақшыларды көптеп тарту. Бұл ретте қариялардың көмегі өте зор. Зейнет жасында болғаннан кейін олар көп уақытын үйде өткізеді. Әрине, олар ұрыны құрықтай алмаса да, дер кезінде бізге хабар бере алады. Бүгінгі таңда ауданда қоғамдық жасақшылар саны 220 адамға жетті. Нәтиже де жоқ емес. Оңды жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Олардың арасында қырағылық танытқандар болса, қылмыстың алдын алуға, оның ашылуына едәуір үлес қосқандары болса, ІІД басшысының атына хат жазып, 30 мың теңге көлемінде сыйақы береміз. Бұл тек қана пәтер ұрлығына емес, жалпы қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға пайдасы зор.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
Мұның барлығы идеология мен әлеуметтік мәселелердің толық шешілмегендігінен болып отыр
– Шынында да, пәтер ұрлығы қоғамымыздың әлеуметтік ауруына айналды. Әрине, қоғамдық жасақшыларды көбейту арқылы пәтер ұрлығына біршама тосқауыл қоюға болатын шығар. Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Адам бұған не үшін барады, неге өзін қылмысқа итермелейді? Мұның барлығы идеология мен әлеуметтік мәселелердің толық шешілмегендігінен болып отыр. Мысалы, кеңес медицинасы мен шығыс медицинасының айырмашылығы жер мен көктей. Біздің кеңестен қалған медицина аурудың өзімен күресетін болса, ал шығыс медицинасы аурудың түп-тамырын зерттеп барып емдейді. Сондықтан да пәтер ұрлығының алдын алу үшін оны түбегейлі зерттеп, түп тамырын тауып барып, кешенді түрде шешуіміз қажет. Қалай десек те, елімізде пәтер ұрлығы басылмай тұр. Оның үстіне, мұндай қылмыстардың ашылу деңгейі де көңіл көншітерліктей жағдайда емес. Яғни пәтер тонаушылардың басым көпшілігі бостандықта сайрандап жүр.
Егер алдағы уақытта пәтер ұрылары кәнігі ұрыға айналып, "кәсібін" биылғыдан да күшейтіп жатса, оған таңданудың керегі жоқ.
Өйткені жолы кесілмеген, жазаны сезінбеген олар бүгінгі жасаған қылмысын ертең екі есеге дейін ұлғайтуы әбден мүмкін. Қанша дегенмен де халық болып, құқық қорғаушылар болып бірігіп жұмыс істегенде ғана оңды нәтижеге қол жеткіземіз деген үміттеміз.
Алайда, Мәжіліс депутаты К.Бұрханов айтпақшы, мұның алдын алу үшін оны түбегейлі зерттеп, кешенді түрде шешкеніміз әлдеқайда дұрысырақ секілді...
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/179902-kazakstanda-peter-yrlygy-397-pajyzga-al-tonau-22-pajyzga-kobejgen/