ІІМ мен Бас прокуратура митингтегі арандатушылардың видеосын көрсетті
Опубликовано:
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Бас прокуратура мен ІІМ өкілдері заңсыз митингке қатысқандардың арасындағы арандатушыларды көрсетті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында түсірілген роликтерде кейбір азаматтардың полиция қызметкерлерін киімдерінен тартып, топтың артынан жұлқылап әкетіп жатқанын, әріптестері оларды ұстап қалуға тырысқанын көруге болады.
Келесі кадрларда қалқан ұстаған полицейлерге бір топ адам тап беріп, теуіп, қолдарымен ұрып жатыр. Тағы бір кадрда қалқан басқа жаққа ұшып, оны азаматтық тұлға көтеріп, әкетіп бара жатыр.
Сондай-ақ қорғаушы тіректі әкетіп бара жатқан азаматтарды көруге болады.
"Роликтен өздеріңіз көргендей, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Өтіп бара жатқан әйелдер, балалардың өмірлеріне, денсаулықтарына қауіп төндірді. Үш полицей дене жарақатын алды, бірақ тәртіп сақшылары сабырлық танытып, арнайы құралдар пайдаланбады. Акцияға қатысқандармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деп мәлімдеді Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұрпейісов.
Оның мәліметінше, санкцияланбаған митингтерде жалпы 957 адам тұтқындалды - қазіргі кезде олардың 180 арнайы орындарда қамауда. Қалғандары тұтқындау мерзімі аяқталған соң, айыппұл салынып немесе жай ескерту жасалып үйлеріне қайтарылды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда рұқсат етілмеген митингтер өтті. 12 маусымда әлеуметтік желіде митингке шығу туралы ұрандар айтылды. Алайда ешкім көшеге шықпады. ІІМ хабарлауынша, сәрсенбі күні тұтқындаулар болған жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1799454-iim-men-bas-prokuratura-mitingtegi-arandatusylardy-videosyn-krsetti/