"Полиция артық кеткен шығар": Абаев еліміздегі митингтер туралы айтты
Опубликовано:
Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Нұр-Сұлтан мен Алматыда болған митингтер туралы Хабар арнасындағы "Ашық диалог" бағдарламасында айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Біз бәріміз сайлау деген қоғамның барлық қатпарының саяси белсенділігін көрсететін катализатор екенін түсінуіміз керек. Президентті таңдау арқылы адамдар өз болашағын таңдайды. Сондықтан да олар сайлау нәтижесіне немқұрайлы қарай алмайды. Осы энергия көбінесе дауыс беру нәтижесі жарияланғаннан кейін эмоциялар туғызып, пикеттер мен шеруге ұласып жатады", -деді Абаев.
Министр Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы шерулерді қалыпты жағдай деп атап өтті.
"Нұр-Сұлтан мен Алматы көшелерінде бірнеше жүз адамның қатысуымен болған демонстрацияларды қалыптан тыс тосын дүние деп қарастырмау керек. Бұл қалыпты жағдай. Қорқатындай ештеңе болған жоқ", - деді ол.
Дәурен Абаев сайлау кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтудің не үшін қажет болғанын айтып берді.
"Сайлауға бір күн қалғанда бас прокуратура халықты жаппай жиындардан сақ болуға шақырған болатын. Ондай ескерту дауыс беру науқанының қалыпты жағдайда өтуі үшін жасалды. Ел үрейленіп сайлауға бармай қоюы мүмкін еді", - деді ол.
Министрдің сөзінше, Алматыдағы түнгі шеру кезінде қала тұрғындары полициядан тыныштық орнатуды сұраған.
"Полицияның артық кеткен кезі де болған шығар. Бірақ олар қоғамдық тәртіпті сақтай алды. Күш көрсетулерге жол бермей, оның жаппай таралуын болдырмады", - деді Дәурен Абаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1799581-policia-artyk-ketken-sygar-abaev-elimizdegi-mitingter-turaly-ajtty/