Дәрігерлер жол апатына түскен 8 жасар Арыс тұрғынын аман алып қалды (фото)
Жарияланған күні:
Шымкенттегі қалалық клиникалық балалар ауруханасына Арыс қаласының сегіз жасар тұрғыны жеткізілді. Балақай жол көлік оқиғасында жарақат алған.Түркістан облыстық клиникалық балалар ауруханасының нейрохирургінің қатысуымен түнде балаға мидың декомпрессионациясы, субарохноидальді қан кетуді жою мақсатында шұғыл түрде ота жасалды деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Отадан соң Алматыдан арнайы жеткен реаниматолог пен нейрохирург баланы қарап шықты.
"Шұғыл медицина координациялық ұлттық орталығының директоры Б.Ж.Оспанов пен Шымкенттің бас дәрігері А.М. Байдувалиев республикалық санитарлық авиация мамандарымен бірге Арыстағы жарылыс салдарынан жараланған жараланған науқастардың жағдайын бақылап, қадағалап жүр. Мониторинг жүргізіп ем шараны жүйелеуде,"-деп хабарлайды Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, шымкенттік дәрігерлер 57 жастағы Шәрбану Қожықованың өмірін сақтап қалды. Ол снарядтан жарақат алып, шат сүйектері сынған. Ауруханаға жеткізілген кезде науқас көп қан жоғалтқан екен. Операция өте күрделі болып, екі сағатқа созылыпты.
Отаны қалалық №1 клиникалық аурухананың дәрігері Данияр Оразбаев жасаған. Қазіргі таңда науқас жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты ауыр деп бағамдауда дәрігерлер.
Қалалық орталық мешіт пен "Бекжан" базарында 4 жедел медициналық жәрдем көлігі кезекшілікте тұрды. Теміржол вокзалында медициналық пункт ашылып, құрамындағы дәрігер мен екі медбике тәулік бойы жұмыс істеді. 122 қан, 165 плазма, 221 криопреципит дозасы әзірленген.
Оған қоса, Арыс тұрғындары үшін №2 оңалту орталығында – 10 орын, №1 оңалту орталығында – 20 орын, "Ана мен бала" оңалту орталығында – 17 орын, Балалар үйінде 10 орны қарастырылған. "Медикер" секілді жекеменшік клиникалар да қосымша орындар ұсынып отыр.
Еске сала кетейік, 24 маусым күні таңғы сағат 09:20-да Арыста орналасқан әскери бөлімшедегі қоймада жарылыс болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс, Ішкі істер министрліктеріне және Түркістан облысы әкіміне жарылыс зардаптарын жоюды тапсырма беріп, кейін оқиға орнына өзі аттанды.
Жағдаймен жеке танысу үшін Түркістан облысына келген президент жарылыстан зардап шеккендер мен тұрғындардың хал-жағдайын біліп, мемлекет тарапынан барлық көмек көрсететілетінін айтты.
Сондай-ақ, президент зардап шеккен үйлерді аралап, бірқатар нақты тапсырма берген болатын.
Бүгін, 25 маусымда үкімет басшысы Асқар Мамин жарылыстан екі адамның көз жұмғанын мәлімдеді.
Кейіннен Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстықтарға көмек беріп жатқан халыққа алғысын білдірсе, Тұрғымбаев өртті не себепті сөндіре алмай жатқанын түсіндірді.
Сондай-ақ, жарылыс күні Арыста ұялы байланыс неге істен шыққаны, қазіргі уақытта қаланың жағдайы қандай екені белгілі болды.
Қазіргі уақытта Жамбыл облысынан Арысқа 40 тонна азық-түлік жіберілді, ал Алматыдан құрылыс материалдары тиелген жүк көліктері жөнелтіледі.
Соңғы мәліметтер бойынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс тұрғындарына өзінің бір күндік жалақысын аударды. Сондай-ақ, қалада жоғалып кеткен әскери қызметкер табылды.
Айта кететін жайт, жойқын жарылыс болған өңірде мешіттің әйнектері аман қалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1801540-drigerler-zol-apatyna-tsken-8-zasar-arys-trgynyn-aman-alyp-kaldy-foto/