Арыстықтардың банктегі несие қарыздары жаппай жойыла ма?
Жарияланған күні:
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев арыстықтардың банк алдындағы несие қарыздары жаппай жойылады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Әлеуметтік желілерде Арыс тұрғындарының несиелері түгелімен жабылады" екен деген ақпарат тарап жүр. Соған нүкте қойыңызшы" деген тілші сауалына шенеунік ол әңгімені қисынсыз деп атап өтті.
"Біз "Атамекен" палатасымен үлкен жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мәселен, арыстық кәсіпкерлер белгіленген мерзімге дейін мемлекет алдындағы салықтан босатылады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге бес млн теңгеге дейін 1 пайыздық мөлшерде несие беріледі. Кім зиян шекті, соларға көмек беріледі. Ал қаланың барлық тұрғынының несие қарызы жойылады деген қисық әңгіме", - деді Жолдымұрат Аманбаев.
Айта кетейік, өткен сенбі, 29 маусымда Арыс қаласына ресми сапармен үкімет басшысы Асқар Мамин барды. Сол сапарда Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден қаржылай көмек берілетіні айтылды. Бұл жаңалық жергілікті халық арасында қызу талқыға түсіп, көмек жаңа туған сәбилерге де беріле ме деген сауал көптеген арыстықтардың көкейінде туындады.
"Асқар Маминнің сапары барысында Арыс қаласының 44 781 тұрғынына 100 мың теңгеден беру жөнінде шешім қабылданды. Кішкентай сәбиден бастап зейнеткерлерге дейін аталған ақша беріледі... Бұл жұмыстарды екі аптада аяқтап үлгереміз", - деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары.
Жарылыс кезінде жүкті болған келіншектердің құрсақтағы шошып қалған сәбилеріне де көмек берілуі мүмкін.
"Жаппай көмек аламыз дегенді қою керек, бұл енді өмір. Егер ондай бір-екі қиын жағдай (құрсақтағы балаларға қатысты:автор) орын алған болса, қарауға болады", - деді Жолдымұрат Аманбаев.
Ал жойқын жарылыс орын алған күні Арыс қаласында болған және зардап шеккен өзге жақтың тұрғындарына көмек беру жағы әлі қарастырылмаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1802545-arystyktardy-bank-aldyndagy-nesie-karyzdary-zappaj-zojylady-ma/