Таразда "Отбасы орталығы" ашылды
Опубликовано:
«Отбасы орталығы» Қазақстан халқы Ассамблеясы және облыстық соттың ұйымдастыруымен ашылып отыр. Медиация кабинетінде осындай орталықты құрудың басты мақсаты – араздасқан отбасыларды татуластыру, жанұядағы жанжалдарды реттеу бойынша қызметтер кешенін көрсету.

Орталықтың ашылу салтанатына облыстық сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков, облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева, сондай-ақ облыстық әділет департаментінің өкілі Ләззат Әбішева, аналар кеңесінің өкілдері, ақсақалдар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ҚХА медиаторлары, «Бастау» отбасын ресурстық қолдау жөніндегі жұмыс тобының өкілдері, судьялар, адвокаттар, заңгерлер, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Шарада сөз сөйлеген Жомарт Рүстембеков Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына осындай орталықты құруға мүмкіндік беріп, бірлескен жұмыс үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, ол шиеленісті реттеу жөніндегі әрекеттер тізбегінде дауды сотта шешу ең соңында тұратындай жағдай жасау қажеттігі атап өтті.
«Бұдан әрі орталықта отбасы-неке даулары бойынша сотқа дейін және соттан тыс реттеу институтын дамыту шаралары жүргізіледі. Алда мұндай іс-шараларға бітімгер судьялар, медиаторлар, психологтар мен әлеуметтанушылар қатысады. Олардың міндеті жанжалдасқан ерлі-зайыптыларды татуластыру және ажырасу санын мейлінше азайту болып табылады. Өйткені, бүгінгі күні отбасын сақтап қалу маңызды қадам», – деді Жомарт Рүстембеков.
Іс-шара барысында Жамбыл облысы Әділет департаментінің өкілі Ләззат Әбішева «Отбасылық сот» жаңа жобасын таныстырды. Ол өз сөзінде аталмыш жоба шеңберінде отбасы-неке қарым-қатынасы саласында туындайтын дауларды қараудың жаңа тәсілі айқындалғанын атап өтті.
Сондай – ақ, ол АХАТ органдарына өтініш білдірген жас жұптарға тегін тренинг, курстарды ұйымдастыру, ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың жеке, мүліктік құқықтары мен міндеттеріне, алименттік міндеттемелерге, бала құқықтарына байланысты құқықтық кеңес беру мәселелері туралы айтып өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1802725-tarazda-otbasy-ortalygy-asyldy/