Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ноғаев Теңіздегі жағдайға қатысты шетелдік инвесторларға қатаң талап қойды

Опубликовано:

Атырау облысы Теңіз кен орнындағы қызметкерлер арасында болған жанжал басшылардың ойларына келгенін істегендігінен туындаған. Шетелдік компания басшылары Қазақстанның еңбек туралы заңын назарға ілмей, жұмыс уақыты мен жалақыны қалауларынша белгілеп келген деп хабарлайды Ктк арнасы.

Фото: Видеодан кадр
Фото: Видеодан кадр: UGC

Компания өзінің талаптарына қарсы келген қызметкерлерді жұмыстан қудалап отырған. Бұл туралы Атырау облысы басшылығы мен шетелдік компаниялар өкілдерінің кездесуінде айтылды.

Кездесу кезінде Теңіз кен орнындағы қазақстандық жұмысшылар мереке мен демалыс күндері жұмысқа шыққанымен үстеме ақы кешіктіріліп келгені мәлім болды. Сондай-ақ ол жердегі күзет фирмасының қызметкерлері өз міндеттерін атқарудың орнына, басшылыққа қарсы шыққандарға түрлі қитұрқы әрекеттер көрсеткен.

Сенбі күні болған дүрбелеңге байланысты аймақтағы барлық шетелдік компания өкілдерін шақырып, жиын өткізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, оларға қатаң талап қойды.

"Теңіз жобасында мердігер мекемелердің бірінің басшысы күн сайынғы жұмыс күнін өз бетімен 4 сағатқа көбейткен, ұжымның наразылығы мен еңбек инспекциясына шағымдануынан кейін жағдай қалыпқа келді. Жұмыс беруші қандай да болмасын себеп тауып, жұмыстан шығарып жіберетінін айтып қорқытады. Шағым айтқан жұмысшыдан құтылудың түрлі құйтырқы әрекеттерін жасаған деректер де бар. Бұл әрине адамды ашындыратын, тіпті дау-жанжалға әкелетін жағдай. Сіздердің міндеттеріңіз осындай жағдайлардың алдын алу.
Мен сіздердің алдарыңызға Еңбек кодексінің, еліміздегі барлық заңдардың, соның ішінде көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу міндетін қоямын. Адал, қолайлы жағдай барлық жұмысшыларға жасалуы керек. Біз өз тарапымыздан сіздердің бастамаларыңызды күтіп отырмаймыз, жұмыс істейміз, егер жағдайды өз еріктеріңізбен өзгерткілеріңіз келмесе, заңға сәйкес әрекет етуге күшіміз жетеді", - деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

"Теңізшевройл" мен оған қарасты жүздеген мердігер мекемелер осындай қалыптасқан жайттарды жойып, жағдайды түбегейлі өзгертуге күш салуы қажет.

Сонымен қатар, Атырауға жергілікті жұмысшылардан соққы көрген азаматтарының хал-жағдайын білу үшін үш елдің елшісі келді.

Дәлірек айтсақ, Палестина Мемлекеті мен Иордания Корольдігінің және Ливан Республикасының Қазақстандағы елшілері жергілікті басшылармен кездесті.

Олар болған жайттың мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасқа сызат түсірмейтіндігін айтпақ болды.

"Бұл жағдай екі жақ үшін де өте ыңғайсыз болды. Біз бұл мәселенің Палестина мен Қазақстан арасындағы сан жылғы тарихи қарым-қатынасының бұзылуын қаламаймыз. Біздің басшылық пен Палестина халқы Қауіпсіздік Кеңесінің, БҰҰ-ның Араб-Израиль қақтығысына қатысты барлық қарарларын қолдай отырып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның принциптік позицияларын жоғары бағалайды. Бұл жағдай біздің қарым-қатынасымызды бұза алмайды", - дейді Палестина мемлекетінің ҚР-дағы елшісі Монтасер Әбу Зейд.

Осы оқиға бойынша құрылған ведомствоаралық комиссия қызметкерлер тізіп берген жайттарды тексеріп, мәселені шешуге әрекеттенбек.

Дереккөз: Ктк арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1802765-nogaev-teizdegi-zagdajga-katysty-seteldik-investorlarga-kata-talap-kojdy/

pixel