Алматылық келіншек босандырғаны үшін ақша дәмететін дәрігерлерді сынады
Жарияланған күні:
Алматыдағы перзентханалардың бірінде екінші сәбиін дүниеге әкелген келіншек акушер-гинекологтардың ақшаға құнығып кеткенін жайып салды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Арайлымның (кейіпкердің қалауы бойынша есімі өзгертілді -ред) екінші жүктілігі сәтті өтіпті. Ол уақытылы дәрігерлерге қаралып, айы-күні жетіп, толғағы қысқанда перзентханаға барған.
Бірнеше сағат толғатқан соң аман-есен дүниеге сәбиін әкеледі. Бірақ дәрігерлердің қарым-қатынасы оған мүлде ұнамаған.
«Мен өз күшіммен босандым. Кейбіреулер секілді ақылы бөлімге жататын ақшам жоқ. Бірінші баламды өзім босанған соң, басқалар секілді перзентханадан адам тауып, алдын ала сыйлығын берген де жоқпын.
Бір Алла мен өз күшіме сеніп келдім, аман-есен сәбиімді бауырыма бастым. Дегенмен, дәрігерлердің қылығы көңілімді түсірді.
Әйелді аман-есен босандыру олардың міндеті ғой. Бірақ олар осы істерін бұлдап, ақша дәметумен болды», - дейді Арайлым.
Келіншек алдын-ала ақша бермесе де, босанған соң акушер, еден жуушы және дәрігерге азын-аулақ сыйлық ұстатқан.
Оның айтуынша, осылай сыйлық беру перзентханада айнымас дәстүрге айналған екен.
«Негізі, мен сыйлық беруге міндетті емеспін. Бірақ аман-есен жанымды алып қалған соң, оларға шын жүрегімнен бес мың теңгеден ұстаттым.
Үшеуіне теңдей бердім. Бірақ дәрігер өзіне еден жуушымен бірдей сыйлық бергенім үшін ашуланып, дәрежемді түсірдің деп ренжіді.
Менің таң қалғаным сонша, не айтарымды білмей қалдым. Өзім жаңа босанған соң, олармен дауласатын жағдайым болмады», - дейді келіншек.
Арайлым перзентхана дәрігерлерінің сұраншақ екенін де айтты.
«Перзентхана қызметкерлерінің барлығы сенен бірдеңе алғысы кеп тұрады. Кішкентай конфет болса да сұрап алады.
Үйіңе шығар кезде әрбір қағазды бергені үшін бірдеңе дәметіп тұрады. Олардың жұмысы, әрине, оңай емес. Бірақ олардың міндеті ғой.
Қазіргі кезде көп таныстарым босану үшін жүз мыңдап ақша төлеп қояды.
Әркім өз жаны үшін алаңдайды ғой. Дегенмен, тым артық кетпеу керек», - деп аяқтады ол әңгімесін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1803086-almatylyk-kelinsek-bosandyrgany-sin-aksa-dmetetin-drigerlerdi-synady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.