ХҚКО арыстықтардың жоғалған құжаттарын қандай жағдайда тегін рәсімдейді?
Опубликовано:
Арыста жарылыс кезінде түрлі себептермен құжаттарын жоғалтып алған азаматтардың өздері кінәлі. Қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Айдар Ысқақов оны тұрғындардың салғырттығына балап отыр деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Арыс қаласына жасаған сапары барысында шаһардағы Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты.
Дәл сол сапар барысында тілшілер қауымы орталық қызметкерінен қазіргі таңда құжат рәсімдеу жұмыстарының барысы туралы сұрақ қойды.
ХҚКО қызметкерінің айтуынша, жарылыс салдарынан үй-жайлары өртеніп кеткен азаматтардың ғана жеке куәліктері мен төлқұжаттары орталық тарапынан тегін қайта жасалынып жатыр.
"Біз жарылыс кезінде құжатымызды жоғалтып алдық, неге бізге тегін жасап бермейсіздер деп келіп шағым айтып жатқандар бар ма?" деген тілшілер сауалына ХҚКО бөлім басшысы ондайларға құжат тегін жасалмайтынын, олар орталыққа келіп, барлық талаптарды орындап барып рәсімдей алатынын айтты.
"Енді ол адами фактор. Тұрғындардың өзінің салғырттығынан болып тұр ғой. Дұрыс па?", - деді орталық қызметкері.
Маманның айтуынша, төбеден жарылғыш заттар ұшып жатқанда жан амандығын тілеп, қауіпсіз аймаққа қашқан адамдар құжаттарын жоғалтқаны үшін өздері кінәлі.
Бөлім басшысы қазіргі таңда Арыста әкімшілік берген мәліметке сәйкес, 24 үйдің (автор: толығымен өртенген) тұрғындарына құжаттар ақысыз рәсімделіп жатқанын айтқанымен, жарылыстан соң нақты қанша тұрғынның құжатын қайта жасатуға келгенін білмейтін болып шықты.
"Ол көші-қон полициясына қарайтын болғандықтан менде нақты мәлімет жоқ қазір", - деп қысқа қайырды ХҚКО қызметкері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1804290-hkko-arystyktardy-zogalgan-kzattaryn-kandaj-zagdajda-tegin-rsimdejdi/