Сириядан келген павлодарлық келіншектер адам сенгісіз жайттарды баяндады
Опубликовано:
Павлодар қаласында орналасқан Мәшһүр Жүсіп атындағы мешітте "Жусан" операциясы арқылы Сириядан елге оралған келіншектер басынан өткен оқиғаларын айтып берді. Олар ата-аналарының ақылына құлақ аспағанына қатты өкінетіндерін және ол жақтан ешкімнің де бақыт таппайтынын жеткізді деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Екібастұз қаласының тұрғыны Толғанай Қарағанды қаласында университеттің төртінші курсында оқып жүрген кезінде тұрмысқа шыққан.
Күйеуінің достары Сирияға кеткеннен кейін әртүрлі видеоларды көре бастапты. Көз ұзамай екі ер адам келіп, күйеуін сол жаққа алып кеткен.
Ал Толғанай ата-анасы теріс жолда жүргендерін айтып, райынан қаншама рет қайтарғысы келгенімен, ол күйеуінің соңынан кеткен.
"Бастапқыда соғыстың соңы жеңіспен аяқталып, артынан ақша көп түсті, авиациялық және мұнай жерлерін ала бастады. Дегенмен, 2017 жылы жеңіліс тауып, жағдай күрделене түсті. Сонда ғана шынайы жағдайға көз жеткізе бастадық.
Желтоқсан айында жолдасым қонақта отырған кезде үстінен бомба түсіп, қаза тапты. Сол кезден бері үйлерді бомбалай бастаған. Көшуден-көшу, аштық басталды", - деді ол.
28 жастағы келіншек арабтар бай тұратынын, алайда басқа елген келгендерге дұрыс қарамайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, Толғанай теріс ағымның жетегінде кетіп, ислам дінін дұрыс емес көрсетіп алғанын мойындады. Ол сол үшін қатты өкінетінін алға тартты.
Келіншек жолдасы қайтыс болғаннан кейін мүмкіндігі шектеулі адамға екінші рет тұрмысқа шығуға мәжбүр болған.
Ол балаларының бірі ер азаматтармен жүргенде үстінен бомба түсіп, көз жұмғанын тілге тиек етті.
"Одан бөлек, өз-өзін жарып жібергендер болды. Көп азаматтар осы қадамға барды. Соңғы кездері әйелдерді де соғысуға шақырды. Жанымыздан оқтар ұшып, оттар болды. 2019 жылы күрттердің лагеріне шықтық. Ол жерде көп аяқ-қолдары жоқ мұсылмандар құрттап, шіріп, сасып жатты.
Лагерьде үш ай болдық. Ата-аналары оқытса оқытады. Жалпы балаларда оқу болмады. 12 жастан лагерьлерден соғысқа дайындайтын. Автомат пен пистолеттен атудан үйретеді. Он төрт жастан үлкендермен бірге соғысқа шығатын", - деді Толғанай.
Әсем есімді кейіпкер де басынан өткен қиыншылықтарын тізіп шықты.
Ол 2010 жылы ислам дінін қабылдап, тұрмысқа шыққанын және намазға жығылғанын жеткізді.
Келіншектің сөзінше, үш айдан кейін Сирияға бет алған.
"Ол жақта түрлі дәрістер оқып, өзін-өзі жаруға үгіттейтін. Жолдасым бас тарта бастады. Бірақ та 2014 жылы жарақаттанып қайтыс болды. Екіқабат болған едім. Көбінесе ауылдарда тұрдық. Қалада бомба көп жарылатын.
Қазақтар бір-бірін жақын тартуға тырысатын", - деді Әсем.
Ол 2017 жылы екінші рет шаңырақ көтергенін, балаларын аман алып қалу үшін ауыр жұмыс жасағанын, қайыр сұрап, шөп жұлып жегендерін есіне алды.
Толғанай мен Әсем өздерінің адам төзгісіз жағдайға тап болуына білімсіздік себеп болғанын айтты.
Әйелдер ата-аналарының ақылына құлақ аспағанына қатты өкінетіндерін және ол жақтан ешкімнің де бақыт таппайтынын айтты.
"Ресейден адамдар көп болды. Түн ішінде алып кетуі мүмкін. Әйел адамдарға өте қиын. Ұрып-соғады. Бізді алып кетуге келген кезде сондағылар қызғанышпен және қызыға қарайтын. Сол кезде қазақ болғаным үшін қатты қуандым. Сириядан келген соң Ақтауда арнайы тексерістен өткізіп, психолог және теолог мамандармен жұмыс істедік", - деді олар.
Толғанай үш баламен, Әсем екі баламен оралған.
Алдағы уақытта екеуі де жұмысқа тұрып, балаларын дұрыс тәрбиелейтінін жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1804626-siriadan-kelgen-pavlodarlyk-kelinsekter-adam-sengisiz-zajttardy-baandady/