Елімізде жол жүру ережесіне жаңа өзгеріс енгізілмек

Опубликовано:

Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полициясы орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салу бастамасын түсіндіріп берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Көрнекі фото: shymkent.gov.kz
Көрнекі фото: shymkent.gov.kz: UGC

Полиция аға инспекторы Ақтоты Боранова арнайы баспасөз мәслихатында заңнамада орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салудың анықтамасы жоқ екенін айтты.

Алайда бүгінде әкімшілік полиция комитеті ондай түсінікті заңға енгізуді ұсынып отыр екен.

Себебі көлік жүргізушілері республикалық маңызы бар жолдарда қатты жүреді. Соның салдарынан жол-көлік апаттары болып жатады.  

"Қазіргі кезде қалаларда тіркеу жүйелері бар. Ал республикалық маңызы бар жолдарда ондай жүйелер аз. Оған қоса, көлік жүргізушілері ол аппараттардың тұрған жерін біледі. Оған жақындағанда жылдамдықты азайтады да, өтіп кеткеннен кейін қайтадан қатты жүреді", - дейді Боранова.

Ол орташа жылдамдықтың қалай есептелетінін түсіндірді.

Аға инспектордің айтуынша, тас жолдың басында және соңында бейнекамералар болады. Бірінші камера көліктің жолға шыққанын тіркесе, екіншісі келген уақытын тіркейді.

Сөйтіп, автоматты түрде трассамен жүрген орташа жылдамдығын есептеп шығарады. Көлік жүргізушісі тиісті жылдамдықты асырып жіберсе, айыппұл салынады.  

"Мысалы, жолдың бойында екі немесе үш камера орнатылады. Нұр-Сұлтаннан шыққан көлік Қарағанды қаласына барса, жолға шыққанда оның мемлекеттік нөмірі мен уақыты тіркеледі. Ал соңғы камераға Қарағанды қаласына кірген уақыты жазылады. Уақыты мен жүрген жолы негізінде орташа жылдамдық шығарылады", - дейді Боранова.

Еске сала кетейік, қазір республикалық маңызы бар жолдардағы белгіленген жылдамдық 140 шақырым.

Егер көлік жүргізушісі соны асыратын болса, ережені бұзғаны үшін жауапқа тартылмақ.

Әкімшілік полиция аталған бастаманы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы іске асыруды көздейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1804922-elimizde-zol-zru-erezesine-zaa-zgeris-engizilmek/